Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлде түсті, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Қазақстанға жалғыз алтын медальді 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Зарина Толыбай әкелді. Ол финалда ресейлік Самира Итониеваны жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Тағы үш қазақстандық боксшы күміс жүлдеге ие болды. 57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова финалда ресейлік Анастасия Голуновадан жеңілді. Ал 70 келіде Бибарыс Әшірбай ирландиялық Джон Донохиге есе жіберді. 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховқа жол берді.
Қола медальдарды Мәдира Жұмахан (51 кг), Индира Қыдырмолдаева (60 кг), Данияр Ақбисенов (60 кг) және Еркетан Жарқынбек (90 кг) иеленді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан төртінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды бес алтын және бес күміс медаль жеңіп алған Ресей құрамасы иеленді. Екінші орынға Өзбекстан (3 алтын, 2 күміс, 2 қола), үшінші орынға АҚШ (2 алтын, 1 күміс, 2 қола) жайғасты.
Осылайша қазақстандық жас боксшылар әлем біріншілігін сегіз жүлдемен аяқтады.