Аймақ

Қонаевта жол саласының мамандары оқушылармен кездесіп, кәсіптік бағдар берді

22:20, 14 қараша 2025 36

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында ҚР Көлік министрлігінің өкілдері мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, жол саласы бойынша кәсіптік бағдар берді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Шараға 9–11 сынып оқушылары қатысты.

Кездесуге ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов, Жол активтері сапасының ұлттық орталығының бас директоры Болатбек Айтбаев, филиал директорлары және облыстық әкімдік өкілдері қатысты.

Олар оқушыларға жол саласының қазіргі даму үрдісі мен кәсіби мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов өз баяндамасында жол мамандығының заман талабына сай өзгеріп, технологиялық салаға айналғанын ерекше атап өтті.

“Жол саласы – технологиялық сала! Көптеген адамдар жол саласындағы мамандарды тек күрек ұстап, асфальт төсейтін жұмысшылар ретінде елестетеді. Бірақ бұл – ескірген түсінік.
•⁠  ⁠Бүгінде барлық процестер автоматтандырылған;
•⁠  ⁠Инженерлер қағазбастылықтан арылып, планшет арқылы жұмыс істейді;
•⁠  ⁠Жол диагностикасын жасанды интеллект жүргізеді.
Бұл – жұмысты бұрынғыдан да жылдам әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді”, – деді ол.

Кездесу барысында мамандар жол саласында еңбек ету үшін қандай оқу орындарында білім алуға болатынын түсіндіріп, нақты бағыттар бойынша кеңес берді. Сонымен қатар инженерлік мамандықтардың болашағы, олардың ел инфрақұрылымын дамытудағы маңыздылығы да айтылды.

Жиында Қазақстанның кең байтақ аумағына қарамастан, елдің жол инфрақұрылымы әлемдік рейтингте 32-орында тұрғаны атап өтілді. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін білікті мамандар даярлау – стратегиялық маңызы бар қадам екені ерекше аталды.

Кездесу оқушылардың инженерлік салаға деген қызығушылығын арттырып, жол саласының қоғамдағы рөлі туралы түсінігін кеңейтті.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз