«Қазақстанның басты байлығы – мұнай емес, ақыл-ой. Адами капитал ел дамуының негізгі ресурсына айналуы тиіс». Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы бағдары бойынша қарқынды жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Осы тұста 20 қарашада оқу орнының ғылыми кеңесінде «Қазақстанның спорттық Гарварды-2044» деп аталатын ауқымды бағдарлама бекітілген. Ол алдағы 18 жыл ішінде Қазақ спорт және туризм академиясын әлемнің ең үздік спорт университетіне айналдыруды көздейді. Бұл ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқының ұлттық идеясын жүзеге асырудағы оқу орнының қосқан үлесі болмақ.
Яғни, Қазақ спорт және туризм академиясының құрылғанына жүз жыл толған кезде әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер сапалы білім алу үшін осында келуі керек. Әрі Гарвард университетіне төлейтін қаражаттан кем емес төлем жасауы тиіс
«18 жылдан кейін біз әлемдегі ең үздік спорт университеті болайық деп отырмыз. Сол үшін үлкен бағдарламамызды құрдық. Ұжым сол бағытта жұмыс атқарып жатыр. Болашақта Олимпиада чемпионы болатын балаларды іздейміз, табамыз. Олармен жұмыс істейміз. Содан кейін мына материалдық-техникалық база деп айтамыз ғой, соның бәрін де қарастырамыз. Жетпейтінін саламыз. Мұғалімдерді дайындаймыз», - деді Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов.
