Осы міндеттерді жүзеге асыруда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына ерекше мән беріліп отыр. Оның аясында қолға алынатын жобалар азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп, қала мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық келбетін өзгертуге ықпал етуі тиіс.
Бағдарламаның ауқымы мен оған бағытталатын мемлекеттік қаражат оның орындалу барысына жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Жоспарланған нысандардың сапалы салынуы, қаржының мақсатты жұмсалуы және белгіленген міндеттердің уақытылы орындалуы – бастаманың нәтижелілігін айқындайтын негізгі шарттар. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттік бақылаумен қатар, қоғамдық қадағалаудың да маңызы артып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын Мемлекеттік комиссияның құрылуы маңызды қадам болды. Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова бұл шешімді «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асырудың нақты көрінісі деп бағалайды.
— Бағдарламаның табысты жүзеге асуына халықтың тұрмыс сапасы, қала мен ауылдағы өмір сүру жағдайы, өңірлердің өркендеуі мен ұлттық экономиканың орнықты дамуы тікелей байланысты, – дейді ол.
Демек, бағдарламаның түпкі нәтижесі оның халықтың нақты сұранысына қаншалықты жауап беретінімен өлшенеді. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің қажеттіліктерін ескеріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталуы керек. Бұл ретте әрбір жобаның сапасы мен тиімділігіне қойылатын талап та жоғары болуы заңды.
Мемлекеттік комиссияның құрылуы бағдарламаны іске асыру барысында қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауға және бақылау жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған. Мұндай тетіктің қажеттілігі түсінікті: мемлекеттік қаржының игерілуі нақты нәтижемен ұштасып, әрбір жоба қоғамға пайда әкелуі тиіс.
Лаура Қарабасова комиссияның құрылуын «Заң мен тәртіп» қағидатымен тікелей байланыстырады. Оның пікірінше, бағдарламаның халық игілігіне қызмет етуі үшін бақылау жұмысы жүйелі жүргізілуі қажет.
— «Халықтық құрылыс» шын мәнінде халықтың игілігіне айналуы үшін мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды, – деп атап өтті депутат.
Бұл жерде бақылаудың екі бағытына да мән берілгені жөн. Мемлекеттік бақылау заң талаптарының сақталуын, қаржының мақсатты игерілуін және жауапты органдардың міндеттерін орындауын қамтамасыз етсе, қоғамдық бақылау жобалардың халық қажеттілігіне сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. Екі бағыттың қатар жұмыс істеуі бағдарламаның ашықтығын арттырып, жауапкершілікті күшейтеді.
Жаңа комиссияның назар аударарлық ерекшелігінің бірі – оның құрамының кең ауқымды болуы. Оған Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, өңірлердің, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының, сарапшылар мен кәсіпкерлер қауымының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген.
Бұл құрам бақылау жұмысына әртүрлі саланың тәжірибесі мен сараптамасын тартуға мүмкіндік береді. Өйткені инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын бағалау кезінде қаржылық көрсеткіштермен қатар, өңірлік ерекшеліктерді, қоғамдық сұранысты және салалық мамандардың пікірін де ескеру қажет.
Депутат Лаура Қарабасова комиссия құрамындағы осындай өкілдіктің маңызын ерекше атап өтті.
— Әртүрлі сала өкілдерінің білімі мен тәжірибесін ұштастыру, түрлі көзқарастар мен қоғамдық пікірді ескеру бақылаудың жан-жақтыәрі әділ жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Шынында да, комиссия жұмысына қоғамның түрлі саласының өкілдерін тарту бақылаудың мазмұнын кеңейтеді. Өңірлердің өкілдері жергілікті жерлердегі мәселелер мен тұрғындардың сұранысын жеткізе алады. Сарапшылар жобалардың тиімділігіне кәсіби тұрғыдан баға беруге атсалысса, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы жариялылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ал кәсіпкерлер қауымының тәжірибесі экономикалық үдерістер мен жобаларды іске асыру ерекшеліктерін бағалауда пайдалы болмақ.
Осылайша, комиссия жұмысы тек мемлекеттік органдардың ішкі бақылауымен шектелмей, қоғамдық пікір мен кәсіби сараптама ескерілетін ортақ алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасының нәтижелі жүзеге асуы қаржының тиімді жұмсалуымен тікелей байланысты. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың әрбір бөлігі нақты мақсатқа бағытталып, елдің дамуына үлес қосуы керек. Сондықтан қаржылық тәртіпті сақтау, орындалған жұмыстардың сапасын бағалау және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету айрықша маңызға ие.
Бұл талаптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған міндеттермен де сабақтас. Мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілікті арттыру, қабылданған шешімдердің орындалуына жауапкершілікпен қарау – ел дамуының барлық саласына ортақ қағидаттар.
Лаура Қарабасова да осы мәселеге ерекше тоқталып, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда ашықтық пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
— Мемлекет басшысы Жолдауында айқындаған міндеттерді жүзеге асыруда ашықтық, есептілік және әрбір қабылданған шешім үшін жауапкершілік айрықша маңызға ие. Жұмсалған әрбір теңге елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуітиіс. «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні осындай нақты шешімдер мен жүйелі қадамдар арқылы ашылады, – дейді Құрылтай депутаты.
Бұл пікір бағдарламаның негізгі мақсатын айқындай түседі. Бөлінген қаржының игерілуі туралы есеп қана емес, оның нәтижесінде қандай жұмыс атқарылғаны және халыққа қандай пайда әкелгені де маңызды. Сондықтан комиссия қызметінде қаржылық бақылау, орындалған жұмыстардың сапасы және қабылданған шешімдердің нәтижесі өзара сабақтас қарастырылуы қажет.
Жалпы, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы еліміздің инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақмерзімді серпін беруге бағытталған. Ал оның аясында құрылған Мемлекеттік комиссия осы мақсатқа жету жолында қаражаттың тиімді жұмсалуын, ашықтық пен қоғамдық жауапкершілікті қамтамасыз ететін маңызды институтқа айналуы мүмкін.
Бағдарламаның шынайы табысы салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халық өміріне әкелген оң өзгерістерімен бағаланбақ. Әрбір жоба елді мекендердің дамуына үлес қосып, әрбір жұмсалған теңге азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет еткенде ғана «Халықтық құрылыс» атауына сай нақты қоғамдық нәтижеге қол жеткізеді.