Астанада бірнеше қылмыс жасаған екі кәмелетке толмаған жасөспірім бес жылға бас бостандығынан айырылды. Олар адамдардың телефонын тартып алып, кейбірін қоңырау шалу сылтауымен алдап, кейін банк шоттарындағы ақшаны иемденген. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиғалардың алғашқысы 2026 жылғы 26 наурызда «Көктал» сауда үйінде болған. Бір топ жасөспірім бұған дейін өздерінің бірін ұрып кеткен жігітпен есеп айырысу үшін сауда орнына келген. Арасындағы сөз таласы төбелеске ұласып, үш адам соққыға жығылған. Салдарынан сауда үйіне келушілер арасында дүрбелең туған.
Ал 17 сәуірде екі жасөспірім бұрын жанжалдасқан қатарласынан пышақ пен телескопиялық таяқ көрсетіп қорқыту арқылы құны 341 981 теңге болатын смартфонын тартып алған. Кейін ұялы телефонды сатып жіберген.
30 сәуірде сотталушылардың бірі тағы екі адаммен бірге телефонын ломбардқа өткізуден бас тартқан жігітті соққыға жыққан. Сараптама жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтаған.
Бұдан бөлек, 15 мамырда жасөспірімдердің бірі танысының телефонын оның рұқсатынсыз пайдаланып, банк қосымшасы арқылы депозитіне кірген. Нәтижесінде шоттан 620 мың теңге ұрлаған.
Сәуір мен маусым аралығында олар өзге адамдардың телефондарын да қоңырау шалу сылтауымен иемденген немесе қолдарынан жұлып алған.
29 мамырда Бурабай ауданындағы дүкен сатушысынан iPhone 15 Pro телефонын ұрлап, оның банк шотынан 237 мың теңге шешіп алған. Кейін смартфонды да сатып жіберген. Осы оқиға бойынша жәбірленушіге келген шығын 837 мың теңгені құраған.
Сот дерегінше, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық залал 3 068 981 теңгеге жеткен.
Сот отырысында екі жасөспірім де кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінген. Олардың бірі бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Сот қылмыстардың ауырлығын, эпизодтардың санын, сотталушылардың жеке басын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, әрқайсысына бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілер шығын өтелуіне байланысты азаматтық талаптарынан бас тартқан.
Ал сауда үйіндегі төбелеске қатысқан тағы үш жасөспірім жәбірленушілермен татуласып, келтірілген залалды өтеген. Осыған байланысты сот оларды қылмыстық жауаптылықтан босатып, тәрбиелік ықпал ету шараларын қолданды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.