Қоғам

Президент Темірхан Медетбектің отбасына көңіл айтты

13:22, 10 мамыр 2025 72

Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Темірхан Медетбектің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты. 

Темірхан Медетбек ғибратты ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, төл әдебиетіміз бен өнеріміздің жанашыры болған тегеурінді ақын еді. Көне түркі сарынын жаңғыртқан рухты шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнегелі өмір сүрді. Соңына әдеби бай мұра қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, – делінген жеделхатта.
Айта кетсек, бүгін Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбек 80 жастан асқан шағында қайтыс болды. 

Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданына қарасты Амангелді атындағы колхозда (қазіргі Нұртас ауылы) дүниеге келген.

Ол – «Сапар алдында» (1973), «Алыс шақырымдар» (1975), «Көгершін қауырсындары» (1982), «Дауыс» (1984), «Қалалық эскиздер» (1985), «Тағдырлы жылдар жырлары» (2000), «Көк түріктер сарыны» (2001) атты жыр жинақтарының авторы.

Әдебиет туралы толғамдары: «Абай әлемі» (1995), «Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар» (2006), «Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл» (туған әдебиет туралы ойлар), «Күретамыр» (2012).

Авторлық поэмалары: «Махамбет рухының монологы», «Күлтегін», «Тоныкөк».

Қазақ ақынының өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай және татар тілдеріне аударылған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз