Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында отандық өңдеу өнеркәсібін өркендету, шағын және орта бизнесті өндірістік бағытқа бұру және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Мемлекет басшысы берген басым бағыттарды іске асыру аясында Алматы қаласында ауқымды реформалар жүзеге асуда. Солардың бірі де бірегейі – шағын өнеркәсіптік парктер жүйесі, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл формат бүгінде шағын және орта өндірістік бизнесті қолдайтын ең тиімді әрі нәтижелі тетіктердің біріне айналды. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубай шағын өнеркәсіптік парктердің шаһар экономикасындағы рөлі мен болашағы туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы әкімшілік кедергілерді азайтып, бизнеске қолайлы инфрақұрылым ұсынуды талап еткен еді. Осы орайда, дәстүрлі өндірістік нысанды нөлден бастап салумен салыстырғанда, шағын өнеркәсіптік парктер кәсіпкерлерге дайын ғимарат пен барлық инженерлік инфрақұрылымды бірден ұсынады. Мұндай тиімді тәсіл жобаларды іске қосу уақытын едәуір қысқартады. Нәтижесінде кәсіпкер құрылыс қарбаласына бас қатырмай, сапалы өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және өткізу нарықтарын кеңейтуге баса назар аудара алады.
«Шағын өнеркәсіптік парктер шағын және орта өндірістік бизнесті дамытуға өте қолайлы жағдай жасайтын өнеркәсіптік экожүйені қалыптастырады», — деп атап өтті Ерлан Жайлаубай.
Бүгінгі таңда Алматыда жалпы ауданы шамамен 95 мың шаршы метрді құрайтын 23 шағын өнеркәсіптік парк белсенді жұмыс істеп тұр. Олардың аумағында экономиканың әртүрлі салаларын қамтитын 101 шағын және орта кәсіпорын жемісті қызмет етуде.
Президенттің отандық өндіріс көлемін арттыру тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі уақытта қалада жалпы құны 46,9 млрд теңгені құрайтын 67 шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда. Жиынтық аумағы 388,2 мың шаршы метр болатын бұл нысандар толық іске қосылғанда, қалада 6 564 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жаңа өндірістік алаңдардың басым бөлігі Алматының Индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда жалпы аумағы 68 гектарға жуық жер бөлініп, 63 жоба қолға алынды. Бұл бағытқа шамамен 46 млрд теңге инвестиция тартылып жатыр. Болашақ өндірістік ғимараттардың ауданы 373 мың шаршы метрден асып, 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Әкімдік өкілі бұл алаңдар өндіріс ашуға кететін қаржылық кедергілерді азайтады, ОӘБ дамуын жеделдетеді, инновацияларды енгізіп, жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар мұндай парктердің дамуы қала экономикасына қуатты мультипликативті әсер береді: халықтың жұмыспен қамтылуы артады, бюджетке түсетін салық түсімдері көбейеді, өндірістік кооперация дамып, отандық өнім үлесі (қазақстандық қамту) еселеп өседі. Осылайша, шағын өнеркәсіптік парктер Алматының өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын негізгі драйверге айналып жатыр.