Қоғам

Премьер-министр мен оның орынбасарлары қайда демалатындарын айтты

16:36, 15 шілде 2025 16

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен оның орынбасарларына еліміздің қай жерінде демалған ұнайтыны туралы сұрақ қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Бүгін үкіметте премьер-министрдің БАҚ өкілдерімен алғашқы брифингі өтіп жатыр. Журналистердің бірі Бектеновтен Қазақстандағы туризмді дамыту мәселесін сұрады. Үкімет басшысы бұл салада проблемалар барын мойындады.

«Көптеген курорттық аймақтар, демалыс орындары тек әлемдік стандарттарға емес, қауіпсіздік пен жайлылыққа қойылатын негізгі талаптарға да сәйкес келмейді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіледі. Өкінішке қарай, бізде бір дерт бар – әрдайым жағажай маусымына дайын екені туралы әдемі есептер келеді. Ал іс жүзінде олай болмай шығады. Үкімет тарапынан кемшілік бар екенін мойындаймыз», – деді Олжас Бектенов.

Тағы оқыңыз: Алакөл туристерді қабылдауға дайын емес - Тоқаев кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды

Осыдан кейін премьер-министрден соңғы рет Қазақстанда қашан және қайда демалғаны сұралды. Бектенов 2021 жылдан бері демалыс алмағанын айтты.

«Қай жерде нақты болғанымды дәл есіме түсіре алмай тұрмын: Бурабайда ма, әлде Алакөлде ме... 2021 жылы Алакөлде болдым. Содан бері демалыс болған жоқ, сондықтан ешқайда шықпадым. Ең жақыны – Бурабайға да барып үлгермей жүрмін. Жұмыс сапарымен Кендерліде (Маңғыстау облысы – еск.), Алакөлде болдым, бірақ шомылған жоқпын, жағдайды көріп қайттым», – деді премьер.

Төрт вице-премьер де осы сұраққа жауап берді.

«Мен де, өкінішке қарай, көптен бері демалысқа шыққан жоқпын. Бірақ, әрине, өзіміздің... Павлодарды, Баянаулды қатты жақсы көремін. Бұл – менің сүйікті жерлерім», – деді Роман Скляр журналистке қарата.

Вице-премьер Ермек Көшербаев соңғы рет демалыста Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған кезінде шыққанын айтты.

«Былтыр, әкімдікте жұмыс істеп жүргенде, 7 күндік демалыс болды. Соның 4 күні Еуропаға бардым, ал қалған 4 күні, жексенбіні қоса алғанда, отбасыммен бірге Бұқтырмада (ШҚО – еск.), «Приморск» демалыс аймағында, Үлкен Нарын ауданында болдым», – деді Көшербаев.

Премьердің орынбасары Серік Жұманғарин де соңғы екі жылда демалыс алмағанын айтты.

«Соңғы екі жылда демалған жоқпын. Соңғы рет... А, Жаңа жылда. Жаңа жылды Ақкөлде өткіздік. Өте жақсы жер», – деді ол.

Қанат Бозымбаев былтырғы жазғы демалысынан су тасқынына байланысты бас тартуға тура келгенін айтты.

«Иә, былтыр су тасқынына байланысты жазда демалыс болмады, бірақ демалыс күндері Ақтауда, жылы жағажай ауданында екі күн болдым. Ал бір демалысым Жетісудағы Алакөлде өтті. Керемет демалыс болды», – деді вице-премьер.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз