Павлодарда бір топ бала 7 жасар баланы ұрып-соққан, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Анасының айтуынша, сотқарлар ұлын әуелі үйдің кіреберісінде соққыға жыққан. Кейін оны ауладағы ойын алаңына алып шығып, ұрып-соғуларын жалғастырған.
Жас шамалары 8-12 жасар аралығындағы жасөспірімдер ауладағы балаларға үнемі тиіседі. Балағаттап, итеріп жібереді, ұрып-соғып, кемсітеді. Басқа балаларды жабылып ұрғандарын талай көрдік. Олардың ата-аналары ешқандай шара қолданбай отыр, – деп жазды анасы.
Аталған видеоға қатысты Павлодар облыстық полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жіберілді, сот шешімі бойынша олар Павлодар қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясына жолданады, – делінген полиция хабарламасында.