$ 464.86
 544.03
 6.14

«Пара беру – ұят», «пара беру – қылмыс» деген моральдық ұстаным қалыптасуы тиіс – заңгер

Редактор
10.03.2026, 10:45
Нұрсұлтан Орыналыұлының жеке архивінен
Нұрсұлтан Орыналыұлының жеке архивінен
Соңғы он жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың ашық тіркелуі, лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылуы қоғамға үлкен сигнал берді. Бұрын мұндай жағдайлар жиі естілетін болса, қазір олардың саны азайғанын байқауға болады.

Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидасын орнықтыру бағытында құқықтық ағартудың рөлі ерекше. Осы тақырыпта заңгер, саясаттанушы Нұрсұлтан Орыналыұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Әңгімеміздің басында құқықтық ағартудың қоғам үшін маңызы қандай екенін әңгімелеп берсеңіз.

– Құқықтық ағарту – кез келген құқық бұзушылықтың, соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған негізгі саналық іргетас. Себебі, жемқорлық көбіне екі фактордан туындайды. Біріншісі, азаматтардың өз құқықтарын толық білмеуі. Екіншісі – қоғамда қалыптасқан қате түсініктер, яғни «бәрі осылай істейді», «бұл – қалыпты жағдай» деген таптаурын ойлар.

Құқықтық ағарту осы түсініктерге қарсы жұмыс істейді. Мәселен, адам өз құқығын білсе, заңсыз талаптарға көнбейді. Ал мемлекеттік қызметкер жауапкершілікті толық сезінсе, тәуекелге бармайды. Бұл – ең алдымен сана деңгейіндегі мәселе. Заңның қаталдығын түсіну, жауапкершілікті сезіну – құқықтық ағартудың басты нәтижесі.

Сонымен қатар қоғамдық деңгейде «пара беру – ұят», «пара беру – қылмыс» деген моральдық ұстаным қалыптасуы тиіс. Бұл тек жазалау арқылы емес, сананы өзгерту арқылы жүзеге асады.

– Сонда құқықтық ағарту тек ақпарат берумен шектелу керек пе?

– Жоқ, құқықтық ағарту тек «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп ақпарат берумен шектелмейді. Бұл – қоғамда құндылық қалыптастыру процесі. Біз кез келген құқық бұзушылыққа қатысты нөлдік төзімділік қағидасын орнықтыруымыз керек. Яғни заңға қарсы әрекеттерге қоғам мүлдем төзбеуі тиіс.

Бұған дейін біз көбіне баннерлер, ұрандар арқылы ақпарат бердік. Мысалы, «Бір пара – екі қылмыскер» деген сияқты. Әрине, бұл да қажет. Бірақ қазіргі кезеңде одан да тиімді тәсілдер керек. Атап айтқанда, кино, қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік контент арқылы әсер ету маңызды. Заманауи форматтағы, халыққа өтімді өнімдер арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыру әлдеқайда нәтижелі.

Сондай-ақ бұл жұмысты мектеп жасынан бастау қажет. Балаларға құқықтық негіздерді өмірлік мысалдар арқылы түсіндіру – өте маңызды бағыт.

– «Заң мен тәртіп» қағидасының қоғамға сіңуі туралы не айтасыз?

– Қазіргі таңда Астана қаласында «Заң мен тәртіп» факультатив сабағы пилоттық жоба ретінде 21 мектепте енгізілді. Мен сол жобада лекторлардың бірімін. Балаларға құқықтық нормаларды қарапайым тілмен, өмірлік жағдайлар арқылы түсіндіру жақсы нәтиже беріп жатыр. Дегенмен, «Заң мен тәртіп» қағидасы қоғамға толық сіңді деп айтуға әлі ерте. Біз қазір өтпелі кезеңдеміз. Бұл ұғым әзірге көбіне декларативті деңгейде қабылданып отыр. Яғни, мемлекеттік деңгейде жиі айтылғанымен, оны күнделікті өмірде толық ұстану әлі қалыптасып болған жоқ.

Соған қарамастан, соңғы жылдары бұл қағида біртіндеп идеологиялық деңгейге өтіп келеді. Сот тәжірибесі, нақты кейстер, құқық қорғау органдарының жұмысы – барлығы қоғамға әсер етіп жатыр. Бірақ бұл – ұзақ мерзімді процесс.

– Қазір біздің қоғамда заң талаптары қаншалықты сақталып отыр?

– Жалпы алғанда, заңнамалық база жеткілікті әрі қатаң. Соңғы он жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың ашық тіркелуі, лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылуы қоғамға үлкен сигнал берді. Бұрын мұндай жағдайлар жиі естілетін болса, қазір олардың саны азайғанын байқауға болады.

Алайда тұрмыстық деңгейде мәселе әлі де бар. Әсіресе медицина, білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында адамдар кейде уақыт үнемдеу немесе мәселені «жылдам шешу» үшін бейресми жолдарға жүгінеді.

Сондай-ақ қоғамда «таныс арқылы шешу», «хабарласып қою» сияқты түсініктер әлі де қалыпты нәрсе ретінде қабылданады. Бұл – құқықтық мәдениеттің толық қалыптаспағанын көрсетеді.

Сондықтан заңның қаталдығы жеткілікті болғанымен, оны айналып өтудің жолын іздеу сияқты ойлар әлі де кездеседі. Бұл мәселені тек құқықтық ағарту арқылы, яғни сананы өзгерту арқылы шешуге болады.

– Ал, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін не қажет?

– Ең бастысы – жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс. Құқықтық ағарту тек бір реттік акция немесе ақпараттық науқан болмауы тиіс. Бұл – қоғамның құндылықтарын қалыптастыратын тұрақты процесс.

Әрбір азамат заңды құрметтеп, оны сақтауды жеке жауапкершілік ретінде қабылдауы керек. Сол кезде ғана «Заң мен тәртіп» қағидасы толық жүзеге асады.

– Әңгімеңізге рахмет!