Қазақстан мектептерінде оқушылардың оқу нәтижелері енді барлық пән бойынша бағаланады. Бұған дейін жеке баға қойылмаған бірқатар пәнге формативтік бағалау енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, «Цифрлық сауаттылық», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша да оқушылардың оқу нәтижесі бағаланатын болады.
Аталған пәндерде формативтік бағалау жүргізіліп, аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.
Шынар Ақпарова бұл пәндердің бастауыш білім берудің жалпы мазмұнына кіретінін атап өтті. Оның сөзінше, әр пән баланың белгілі бір білімі мен дағдысын қалыптастыратындықтан, оқу бағдарламасында көзделген нәтижелер барлық пән бойынша көрініс табуы керек.
Сонымен қатар жаңа тәртіп оқушыларға қосымша жазбаша бақылау жұмыстарын көбейтпейді. Бағалау пәннің ерекшелігіне қарай сабақ барысында орындалатын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстардың нәтижесіне негізделеді.
Жаңа тәсіл оқушының тек теориялық білімін ғана емес, сабақ барысында меңгерген практикалық дағдылары мен белсенділігін де бағалауға мүмкіндік береді.