Қазақстанның белгілі сазгері, марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасында композитордың қазасына қатысты бұрын айтылмаған жайттарды ашық айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Айтуынша, сазгер жертөледе емес, зауытта көз жұмған.
«Маған Калелхан Иманмәди қоңырау шалып, “Арманның жағдайы нашар” деді. Біз ұлымызбен бірге дереу зауытқа бардық. Барсақ, жедел-жәрдем көлігі сыртта тұр екен. Фельдшерлермен екінші қабатқа көтерілдік, Арманның бетін жауып қойған. “Не болды?” деп сұрағанымда, “жүрегі тоқтап қалды” деді. Ол ешқандай жертөледе көз жұмбады, бұл тіркелген дүние», – деді ол.
Сондай-ақ Айсұлу Айданқызы Арманның соңғы сәті туралы да айтып өтті.
«Зауыт екі қабаттан тұрады, ішінде студия жоқ. “Арман бұл жерге не үшін келді?” деп сұрадым. Сонда олар “Балалармен бірге таң намазына дәрет алды. Балалар сапқа тұрғанда, Арман тұрмай, диванда жатқан. Оятқанда тұрмағанын көрдік” деді», – деді сазгердің жары.
Айта кетейік, Арман Дүйсенов – қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосқан белгілі композитор.