Шоу-бизнес әлемі

«Авторы екенімді айтпайды»: Марат Омаров Нұрлан Өнербаевқа «Анашым» әнін орындауға тыйым салған

12:26, 13 қараша 2025 23

Танымал әнші Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы сахнада айтып келген «Анашым» әнін енді орындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Марат Омаровтың өтініші әсер еткен

Өнер иесінің айтуынша, бұл шешімге әннің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаровтың өтініші себеп болған.

«2023 жылы Алматыда өткен концертімде “Анашым” әнімен қоштастым. Бұл композитордың өз өтінішімен болды. “Нұрлан, осы әнді енді өзім орындаймын” деді. Мен “жақсы” дедім. 37 жыл айттым бұл әнді. Мен тек орындаушымын, авторы мен композиторы өздері ғой», – деді әнші «Таң Нұры» бағдарламасында.

«Халық Нұрланның әні деп ойлайды»: композитор ренішін білдірді

Композитор Марат Омаров халықтың көпшілігі «Анашым» әнін тек Нұрлан Өнербаевтың шығармасы деп қабылдайтынына реніш білдірген.

«Көпшілік бұл әнді Нұрланның жеке әні деп ойлайды. Караокеде де солай жазылған. Авторлардың аты көрсетілмеген. Тіпті ақын Қайрат Жұмағалиевтің қызы хабарласып, “әкемнің аты аталмайды” деп ренжіді. Нұрланның дауысын сыйлаймын, бірақ авторды атау кішірейтпейді. Бұл – әділдік үшін айтылған сөз», – деді ол Bugin Live бағдарламасында.

Әншінің жауабы

Нұрлан Өнербаев бұл жағдайға түсіністікпен қарап, ешқандай ренішінің жоқ екенін айтты.

«Ешқандай сезімде болған жоқпын. 2018 жылы Астанада 8 наурыз күніне концертімді дайындап жатқанмын. Тура сол концерттің алдында жолығып қалдық. «Нұрлан, концерт бергелі жатқан екенсің. «Анашымды» орындамай-ақ қойсаң» деді. Мен «жарайды» деп келістім. Өнерде бәрінің өз уақыты бар. “Анашым” менің шығармашылық жолымның үлкен бір бөлігі болды», – деді ол.

Еске сала кетейік, «Анашым» әнінің сөзі – Қайрат Жұмағалиевке, музыкасы – Марат Омаровқа тиесілі.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз