Имам Нұрлан Байжігітұлы жастар арасында әсіре діншілдікке бой алдыру мен жамағатқа бөліну мәселесіне қатысты пікір білдірді. Дін өкілі мұндай үрдіс қоғамның бірлігіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, жастарды алауыздықтан аулақ болуға шақырды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Нұрлан Байжігітұлының сөзінше, кейінгі уақытта кейбір жастардың дін мәселесінде өздерін өзгелерге ұстаз санап, кімнің сөзін тыңдап, кімнен бас тарту керектігін айтуы жиілеген. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде түрлі діни топтарға бөлінудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
«Соңғы кездері жастардың осындай әсіре діншілдікке беріліп, ұстаз болып, бас-басына би болып, "ананы тыңдама, мынаны тыңдама" деп жүр. Олар бір шаңырақтың астына жиналудың орнына іріткі салып, осындай жағдайға жетті. Осы орайда "біз намазханбыз ғой, оразашылмыз ғой, қажылармыз ғой" деген топтарды қою керек. Әлеуметтік желіден топтар ашып, "ана жамағат, мына жамағат" деп күні-түні түрлі сөздер жібере берудің қажеті жоқ. Жамағат-жамағат болып бөлініп, жәннат пен тозақтың "локациясын" қолына алып алғандар кілтін Аллаға өткізген дұрыс. Біз қазақ жамағатқа бөлінген халық емеспіз, жалпы бөлінуді ұмытқан елміз. Бірлікті ту еткен елміз. Намаз оқыса да, оқымаса да, мешітке барса да, бармаса да, біздің ел бір қауым, ұлт болуымыз керек», – деді Нұрлан Байжігітұлы.
Имам осылайша діни көзқарасына қарамастан қоғам мүшелерін ортақ құндылықтар мен ел бірлігін жоғары қоюға үндеді.