Энергетика министрлігі Қазақстанның батыс өңірлеріндегі автогаз нарығындағы жағдайға қатысты ақпараттық кеңістікте тараған хабарламаларға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Министрліктің мәлімдеуінше, Маңғыстау және Атырау облыстарына сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде және өңірлердің ай сайынғы есептік қажеттілігінен жоғары көлемде жүзеге асырылып жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, Маңғыстау облысы әкімдігі мәлімдеген 18 мың тонна қажеттілікке қарамастан, маусым айында өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы жөнелтілген. Бұдан бөлек, сұраныстың артуын өтеу мақсатында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ ресурстарынан қосымша 1,5 мың тонна газ бөлінген.
"Аталған көлемдер өңірдегі автокөліктерді және транзиттік көліктерді толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Газды тиеп-жөнелту күн сайын жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Атырау облысының есептік қажеттілігі – 9 мың тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы профилактикалық жөндеуге байланысты алдын ала жеткізу бағыттары қайта қарылып, өңірге резервтік көлемдер жөнелтілген. Нәтижесінде маусым айында Атырау облысы 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етілген.
"Қажеттіліктен тыс бөлінген қосымша көлем (2,5 мың тоннадан астам) АМӨЗ жөндеу кезеңінде автокөлік иелерінің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті сипаттағы уақытша іркілістердің Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты екені жөнінде таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейтінін жеткізді.