Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен декларация қабылдап, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
11 қарашада Ресей астанасында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ұйымның Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты. Саммит барысында мемлекет басшылары ұйымның 2026 жылғы қызметін қорытындылап, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді айқындады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықаралық терроризммен күрес, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент жасанды интеллект технологияларының ықпалы артып келе жатқан жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің бірлескен күш-жігері қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинге қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Ресейдің биылғы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету нәтижесіне оң баға берді. Кездесу қорытындысында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Құжатта ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылды күшейту және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.