$ 458.85
€ 503.5
₽ 5.59

Комадан оянбады: Шуда аяусыз соққыға жығылған әйел қайтыс болды

Редактор
27.11.2026, 09:40
видеодан алынған кадр
видеодан алынған кадр
Жамбыл облысында азаматтық некедегі күйеуінен соққы жеген төрт баланың анасы көз жұмды

Жамбыл облысының Шу қаласында азаматтық некедегі күйеуінен соққы жегені айтылған 50 жастағы Гүлнәр Мазабекова ауруханада есін жимастан қайтыс болды. Әйелдің өлімін облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Бұл туралы Информбюро жариялады. Қайғылы оқиға 24 қарашаға қараған түні болған. Ауыр бас жарақатымен ауруханаға жеткізілген әйел комаға түскен. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 26 қарашада науқас көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа қажетті ем-дом мен қарқынды терапия толық көлемде жүргізілген. Алайда дәрігерлер оны ажалдан арашалап қала алмады.

Марқұмның қызы Диана Тұрсынбаеваның айтуынша, анасы азаматтық некедегі күйеуімен он жылға жуық уақыт бірге тұрған. Осы уақыт ішінде ер адам әйелге бірнеше рет қол көтерген. Отбасы полицияға да бірнеше мәрте жүгінгенін айтады.

«Анамды үнемі ұратын. Қаншама рет полиция шақырттық, бірақ оны қамамайтын», – деді марқұмның қызы.

Туыстарының айтуынша, күдікті жедел жәрдемді оқиғадан кейін шамамен 10 сағат өткен соң ғана шақырған. Ал бастапқыда әйелдің өздігінен бірнеше рет құлағанын айтқан. Жамбыл облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тиісті сот сараптамалары тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық іс облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Марқұмның артында төрт баласы қалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау