Көкшетауда көлік қағып кеткен әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ақмола облыстық соттарының баспасөз қызметі мәліметінше, Көкшетау қалалық сотында С.-ға қатысты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзды деген айып бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта белгілі болғандай, 2026 жылдың мамырында жүргізуші әйел көлік құралын басқаруға арнайы құқығы болмағанына қарамастан, Көкшетау қаласында автокөлік тізгіндеп, тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріліп, ол алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болған.
Сотта С. жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, жұбайының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты және оның рұқсатымен көлік тізгініне отырғанын түсіндірді.
Көлік құралының иесінің көлікті басқару құқығы жоқ адамға басқаруға рұқсат беру фактісі бойынша қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінді.
Әйелдің кінәсі оның өз айыбын толық мойындауымен, куәлардің айғақтарымен, оқиға орнын қарау хаттамасымен, жол-көлік оқиғасының сызбасымен, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбамен дәлелденді.
Жаза тағайындауда сот С.-ның жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, оның асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын, жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық зиянды өз еркімен өтегенін, сондай-ақ бұрын әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді.
"Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушы жасаған құқық бұзушылық онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Жәбірленуші тарап сотта С.-ға қатысты материалдық және моральдық сипаттағы талаптарының жоқ екенін, келтірілген залалдың толық өтелгенін және кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сонымен қатар сот Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігінде баламалы жаза түрлерінің көзделмегенін, сондай-ақ сотталушы көлік құралын басқаруға құқығы болмағанына қарамастан, жоғары қауіптілік көзі болып табылатын көлікті басқарып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу арқылы адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына жол бергенін ескерді", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен С.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде (Заңға сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру көзделген) сотталған адамның тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.