Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмыс ДНҚ сараптамасының көмегімен ашылды. 2012 жылы 62 жастағы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырап, өлтірілген еді. Сол кезде қылмыскерді анықтау мүмкін болмаған. Алайда арада 14 жыл өткен соң күдіктінің ізі табылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
ҚР ІІМ мәліметінше, қайғылы оқиға Павлодар облысындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде болған. Тергеушілер мен криминалистер осы жылдар ішінде сақталған айғақтарды қайта зерттеп, заманауи технологияларды пайдаланған.
Нәтижесінде ДНҚ есебі арқылы қылмысқа қатысы болуы мүмкін азамат анықталды. Ол – 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. Жүргізілген ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы барын растаған.
ІІМ Оперативтік-криминалистикалық департаментінің бастығы Сергей Стихеевтің айтуынша, күдікті өз кінәсін мойындаған.
«Ер адам кінәсін мойындады. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды», – деді Сергей Стихеев.
ІІМ бұрын ашылмай қалған қылмыстар бойынша сақталған заттай дәлелдер мен іздерді заманауи криминалистикалық әдістер арқылы қайта зерттеу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.