$ 456.88
 534.64
 5.47

Қазақстанның IT-қызметтер экспорты бес жылда шамамен 34 есеге өсті

Редактор
22.08.2026, 13:18
Gov.kz
Gov.kz
IT-қызметтер экспорты осы кезең бойы тұрақты өсім көрсетті

Соңғы бес жылда Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 2020 жылғы 33,5 млн АҚШ долларынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,142 млрд АҚШ долларына дейін өсті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Осылайша, салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде IT-қызметтер қалыптасып келе жатқан бағыттан ел экспортының маңызды салаларының біріне айналды.

IT-қызметтер экспорты осы кезең бойы тұрақты өсім көрсетті. 2021 жылы экспорт көлемі 60,07 млн АҚШ долларын, 2022 жылы 337 млн АҚШ долларын, 2023 жылы 529,1 млн АҚШ долларын, 2024 жылы 690,7 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш алғаш рет 1 млрд АҚШ долларынан асты.

Сонымен қатар Қазақстан IT-қызметтердің нетто-экспорттаушысы деңгейіне шықты. Экспорттан түскен табыс шетелдік цифрлық шешімдерді импорттауға жұмсалған 429 млн АҚШ долларынан 2,6 еседен астам жоғары болды.

Осы көрсеткіштердің аясында Қазақстан өңірдегі технологиялық экспорттаушылар арасындағы позициясын нығайтып келеді. Салыстыру үшін, Грузияның телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспорты 2024 жылы 842,3 млн АҚШ долларын, ал Арменияда шамамен 1,18 млрд АҚШ долларын құрады.

Экспорт көлемінің өсуі қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық нарықтардағы қатысу географиясының кеңеюімен қатар жүріп жатыр. Бүгінде отандық цифрлық шешімдер әлемнің 110-нан астам еліне экспортталады. Astana Hub қатысушыларының экспорты 2025 жылы 634 млн АҚШ долларына жетті, 537 компания шетелдік нарықтарға өнімдерін шығарып отыр, ал экожүйеде 32 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Келесі кезең қазақстандық технологиялық компанияларды ауқымды түрде дамыту және олардың ірі халықаралық нарықтарға шығуына бағытталады. Басым бағыт ретінде АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия нарықтары, сондай-ақ отандық IT-шешімдерді халықаралық деңгейде ілгерілету арналары қарастырылып отыр. Стратегиялық мақсат Қазақстанның IT-қызметтер экспортын 2030 жылға қарай 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу.

Қазақстандағы өсімнің басты ерекшелігі тек ауқымында ғана емес, оның қарқынында да. Осыдан бес жыл бұрын еліміздің IT-қызметтер экспорты ондаған миллион АҚШ долларымен өлшенсе, бүгінде 1 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстан іс жүзінде қалыптасып келе жатқан IT-нарықтар санатынан өңірлік технологиялық экспорттаушылар қатарына өтті.