Таиландтың Паттайя қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Еркін күрестен ұлттық құрама қоржынына 7 медаль түсті. Бекасыл Асамбек (61 келі) пен Нұрдәулет Сейілбеков (74 келі) Азия чемпионы атанды. Сұңқар Сейдахмет (70 келі), Бейбарыс Ерғали (92 келі) және Самир Дурсунов (97 келі) күміс жүлдегер болды. Ал Айбек Қалиахмет (79 келі) пен Асхаб Хаджиев (86 келі) қола медаль иеленді.
Әйелдер күресінде қазақстандық спортшылар 5 жүлде жеңіп алды. Жаңыл Бекен (65 келі) мен Ұлдана Тілеухан (68 келі) финалға дейін жетіп, күміс медаль алды. Динара Дауылқызы (53 келі), Анна Стратан (57 келі) және Айжан Мұратбай (59 келі) үздік үштіктен көрінді.
Грек-рим күресінің өкілдері де ел қоржынына 6 медаль салды. Бақдәулет Тұрсынбек (77 келі), Еркебұлан Анапия (82 келі) және Әлихан Тағаев (87 келі) күміс жүлдеге ие болды. Әмірмұхаммед Қабулов (55 келі), Алпамыс Болатұлы (60 келі) мен Максим Украинцев (97 келі) қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын 2 алтын, 8 күміс және 8 қола медальмен аяқтады.
Альмира Еслямбекова