Қазақстанда 2027 жылы ескі үлгідегі 500, 1000 және 10 000 теңгелік банкноттар айналымнан шығарылады. Ұлттық банк аталған банкноттарды пайдалану және айырбастау мерзімдерін белгіледі, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйеніп.
Ұлттық банктің мәліметінше, ескі үлгідегі банкноттардың айналымда болуының соңғы мерзімдері:
2014 жылғы үлгідегі 1000 теңге – 2027 жылғы 27 наурыз;
2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңге – 2027 жылғы 27 маусым;
2017 жылғы үлгідегі 500 теңге – 2027 жылғы 24 желтоқсан.
Осы мерзімдер аяқталғанға дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттар заңды төлем құралы болып саналады. Дүкендер, сауда орындары және басқа да ұйымдар оларды қабылдауға міндетті. Ұлттық банк заңды төлем құралын қабылдаудан бас тарту әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын ескертті.
Ескі ақшаны қайда айырбастауға болады?
Айналымнан шығарылған банкноттар өз құнын жоғалтпайды. Қазақстандықтар оларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде үш жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастай алады. Ал Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында ескі банкноттарды мерзімсіз және комиссиясыз айырбастау мүмкіндігі сақталады. Айта кетейік, Қазақстанда 2011 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік және 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттар айналымнан шығарылған.