$ 473.4
 539.39
 6.07

Алаяқтық кредит: қарызды кім өтейді және не істеу керек?

Редактор
28.07.2026, 11:26
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
142,1 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды.


Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстың басым бағыттарының бірі, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz. 

Қазіргі заманғы алаяқтық схемалар кешенді сипатқа ие және әлеуметтік инженерия тәсілдерін, қашықтан кредит рәсімдеуді, жалған тұлғалардың шоттарын пайдалануды, зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ ұрланған қаражатты бірнеше қаржы ұйымы арқылы кезең-кезеңімен шығаруды қатар қамтиды. Мұндай жағдайда қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік органдардың үйлестірілген және кешенді өзара іс-қимылын талап етеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесі қалыптастырылды. Бұл жүйе алаяқтық жолмен рәсімделетін кредиттердің алдын алу, клиенттерді күшейтілген сәйкестендіру, күмәнді операцияларды анықтау және бұғаттау, ұрланған қаражатты заңсыз шығарудың арналарына тосқауыл қою, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарды қорғау шараларын біріктіреді.

Алаяқтық жолмен рәсімделетін кредиттердің ауқымы төмендеп келеді. 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 2,1 млрд теңгені құрайтын 1,3 мың алаяқтық қарыз анықталды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңге болатын 5,1 мың осындай қарыз, ал 2024 жылы жалпы сомасы 20,3 млрд теңгені құрайтын 8,7 мың қарыз анықталған.

Алаяқтық қарыздардың саны мен көлемінің азаюына кредит алуға өтінім берілген сәттен бастап ұрланған қаражатты шығаруға дейінгі барлық кезеңдерде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және технологиялық шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде қол жеткізілді.

Бірінші. Азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту тетігі енгізілді.

2024 жылғы ақпан айынан бастап eGov порталында азаматтарға өз атына банк қарыздары мен микрокредиттерді рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік беретін банк қарыздары мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту сервисі жұмыс істейді.

Белгіленген тыйым туралы ақпарат автоматты түрде кредиттік бюроларға жіберіледі және кредит алуға берілген өтінімді қарау кезінде барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді болады. Бұл азаматтың еркінен тыс оның атына кредит рәсімдеу мүмкіндігін болдырмайды.

Сонымен қатар, белгіленген тыйымды сақтау жауапкершілігі қаржы ұйымына жүктеледі. Егер ерікті түрде бас тарту қолданыста болған кезде кредит берілсе, онда ол бойынша берешек міндетті түрде есептен шығарылуға жатады.

Сервис іске қосылған сәттен бастап банк қарыздары мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды 6,5 миллионнан астам азамат рәсімдеді. Бұл оның алаяқтық жолмен кредит рәсімдеудің алдын алудың тиімді құралы ретінде жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. 

Екінші. Онлайн-кредиттер беру кезінде қорғаныш тетіктері күшейтілді.

Алаяқтық жолмен рәсімделетін кредиттердің едәуір бөлігі банктердің ақпараттық жүйелерін бұзу нәтижесінде емес, әлеуметтік инженерия әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылады. Мұндай жағдайларда алаяқтар азаматтарды түрлі сылтаумен өз бетінше кредит рәсімдеуге және алынған қаражатты өздеріне аударуға көндіреді. Осындай схемалардың алдын алу мақсатында қосымша қорғаныс тетіктерінің кешені енгізілді.

Ең алдымен міндетті «салқындату кезеңі»енгізілді. Ірі көлемдегі кепілсіз онлайн-кредиттерді рәсімдеу кезінде қаражат шарт жасалғаннан кейін бірден емес, заңда белгіленген мерзім өткен соң ғана аударылады: 649 мың теңгеден 1,1 млн теңгеге дейінгі банк қарыздары бойынша – кемінде 8 сағаттан кейін, ал 1,1 млн теңгеден асатын банк қарыздары және 324 мың теңгеден асатын онлайн-микрокредиттер бойынша – кемінде 24 сағаттан кейін.

Осы уақыт ішінде қаржы ұйымы операцияда алаяқтық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін қосымша тексеру жүргізуге міндетті. Қаражат клиенттің қайта растауынан кейін ғана аударылады.

Бұдан бөлек, «алғашқы кредит» қағидаты енгізілді. Егер азамат алғаш рет 649 мың теңгеден асатын кепілсіз тұтынушылық кредит алуға өтініш берсе және бұған дейін кредиттік тарихы болмаған болса, мұндай кредит тек қарыз алушы банк бөлімшесіне жеке өзі келіп, биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімделеді. Бұл бұрын кредиттік өнімдерді пайдаланбаған азаматтардың атына ірі кредиттердің толықтай қашықтан рәсімделуіне жол бермейді.

Сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар үшін қосымша қорғаныс шаралары көзделген. Аталған санаттағы азаматтарға онлайн-кредит тек eGov порталы, кредиттік бюро немесе электрондық үкіметтің мемлекеттік шлюзімен интеграцияланған банк қосымшасы арқылы арнайы келісім берілгеннен кейін ғана рәсімделеді.

Үшінші. Банктер қарыз алушының күдікті әрекетіне ден қоюға міндетті.

Алаяқтық жолмен кредиттер тек қашықтан ғана емес, банктердің бөлімшелерінде де рәсімделуі мүмкін. Көп жағдайда қарыз алушы кредит алу үшін банкке өзі жүгінгенімен, телефон арқылы нұсқау беріп отырған алаяқтардың психологиялық ықпалында болады.

Осыған байланысты банктер клиенттің құжаттарын ғана емес, кредитті рәсімдеу мән-жайларын да бағалауға міндетті. Алаяқтық ықпалдың ықтимал белгілеріне қарыз алушының шамадан тыс қобалжуы, қызмет көрсету барысында телефонмен үздіксіз сөйлесуі, үшінші тұлғалардан нұсқаулар алуы, сондай-ақ кредит алу мақсатын нақты әрі түсінікті түсіндіре алмауы жатады.

Осындай белгілер анықталған жағдайда банк 1,1 млн теңгеден асатын ірі кепілсіз тұтынушылық кредитті бірден беруге құқылы емес. Міндетті түрде кемінде 24 сағаттық салқындату кезеңі белгіленеді. Осы уақыт ішінде банктің қауіпсіздік қызметі қосымша тексеру жүргізіп, қарыз алушының өз еркімен әрекет етіп отырғанын растауы тиіс.

Сонымен қатар әртүрлі қаржы ұйымдарында бір мезгілде бірнеше кредит рәсімдеу мүмкіндігі жойылды. Егер қарыз алушының басқа қаржы ұйымында қаралып жатқан белсенді кредиттік өтінімі болса, банктер мен микроқаржы ұйымдарына оған жаңа кредит беруге тыйым салынады. Бұл қысқа уақыт ішінде бірнеше қарызды қатар рәсімдеу әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді.

Төртінші. Қарыз алушыларды цифрлық сәйкестендіру айтарлықтай күшейтілді.

2025 жылғы қаңтардан бастап кредиттік шарттар міндетті түрде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану және биометриялық сәйкестендіруден өту арқылы рәсімделеді.

Биометриялық тексеру екі кезеңде жүргізіледі. Оның нәтижелері қаржы ұйымында тіркеліп, бес жыл бойы сақталуға тиіс. Бұл кейінгі бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ ықтимал сот дауларын қарау кезінде дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қарыз алушының биометриялық деректері ұялы байланыс операторларының ресми деректерімен салыстырылады.

Заңнамаға сәйкес биометриялық тексеруден өтпей онлайн-кредит беруге тыйым салынған. Бұл бөтен адамның фотосуреті, жеке куәліктің көшірмесі немесе ұрланған пароль арқылы кредит рәсімдеу тәуекелін едәуір төмендетеді.

Банктердің мобильді қосымшаларының қауіпсіздігіне де жеке талаптар белгіленген. Олар телефонды қашықтан басқару белгілерін анықтап, мұндай жағдайларда операцияларды одан әрі жүргізуді бұғаттауға тиіс.

Сонымен қатар банктер деректерді шифрлауды қолдануға және кредит алуға өтінім берілген сәтте қарыз алушының геолокациясын тіркеуге міндетті. Бұл кредиттің әдеттен тыс құрылғыдан, қалыптан тыс жерден немесе телефонды үшінші тұлғалардың қашықтан басқаруы арқылы рәсімделу жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді.

Бесінші. Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды қорғау күшейтілді.

Егер құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, азамат жәбірленуші деп танылса, банк немесе микроқаржы ұйымы сыйақыны, айыппұлдар мен өсімпұлды есептеуді тоқтатуға міндетті.

Сонымен қатар талап қою және берешекті өндіріп алу жұмыстары да тоқтатылады.

Осылайша, тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде азаматтың берешегі ұлғаймайды, ал қаржы ұйымы істің барлық мән-жайы анықталғанға дейін одан кредитті өтеуді талап ете алмайды.

Тек биылғы жылдың өзінде бұл шаралар жалпы сомасы 8,4 млрд теңгені құрайтын 6,2 мың қарызға қатысты қолданылды.

Заңнамада алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығарудың соттан тыс және сот тәртібімен жүзеге асырылатын тетіктері де көзделген.

Соттан тыс тәртіп азамат жәбірленуші деп танылған және кредит беру кезінде банк немесе микроқаржы ұйымы заңнамада белгіленген міндетті талаптардың кемінде біреуін бұзған жағдайда қолданылады.

Мұндай бұзушылықтарға кредит алудан ерікті түрде бас тарту туралы тыйымды сақтамау, биометриялық сәйкестендірудің болмауы, салқындату кезеңін немесе басқа да міндетті рәсімдерді бұзу жатады.

Мұндай жағдайда қаржы ұйымы берешекті өз бетінше есептен шығаруға міндетті. Азаматқа сотқа жеке жүгініп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеудің қажеті жоқ.

Сот тәртібі техникалық бұзу, парольдерді ұрлау, мобильді құрылғыны қашықтан басқару немесе зиянды бағдарламаларды пайдалану сияқты неғұрлым күрделі жағдайларда қолданылады.

Сондай-ақ банк биометриялық сәйкестендіруге, антифрод-рәсімдерге немесе алаяқтықты анықтау мен оның алдын алу жөніндегі өзге де міндетті талаптарға қатысты заңнама талаптарын бұзған жағдайларда да кредитті есептен шығару жүзеге асырылады.

Алтыншы. Ұлттық Банктің брыңғай Антифрод-орталығы құрылды.

2024 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы жұмыс істейді.

Бұл банктерді, құқық қорғау органдарын және ұялы байланыс операторларын біріктіретін әрі күмәнді операциялар туралы ақпаратпен тәулік бойы алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай электрондық платформа.

Антифрод-орталық алаяқтық ақша аударымдарын анықтауға, ақша қаражатын жедел бұғаттауға, алушылардың шоттарын айқындауға және ұрланған қаражаттың кейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің Антифрод-орталығында 180 мыңнан астам оқиға тіркелген. Алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде банктердің өздері 2025 жылдың басынан бастап ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін жалпы сомасы 68 млрдтеңгеден асатын 163 мыңға жуық алаяқтық операцияның алдын алды. Сонымен қатар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының ақпаратына сәйкес жалпы сомасы 28,9 млрд теңгеден асатын алаяқтық және заңсыз операциялардың жолы кесіліп, бұғатталды.

Егер клиент немесе оның контрагенті Антифрод-орталықтың бірыңғай дерекқорына енгізілсе, қаржы ұйымы операцияларды тоқтата тұруға және заңнамада көзделген шектеулерді қолдануға міндетті.

Сондай-ақ банктерге күмәнді ақша аударымдарын бес жұмыс күніне дейін уақытша тоқтата тұру құқығы берілді. Бұл тексеру аяқталғанға дейін шоттағы қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге және оның әрі қарай шығарылуына немесе қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар барлық банктер мамандандырылған антифрод-бөлімшелерін құруға, алаяқтық оқиғаларға ден қою жөніндегі ішкі жоспарларды бекітуге және Антифрод-орталықпен тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге міндетті.

Жетінші. Телефон алаяқтығымен күрес күшейтілді.

Алаяқтық схемалардың басым көпшілігі телефон қоңырауынан басталады. Қылмыскерлер өздерін банк, құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдар немесе байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды жеке деректерін беруге немесе кредит рәсімдеуге көндіреді.

Сондықтан қабылданған шаралардың жеке бір бағыты мобильді байланыстың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Бір абонент өз атына 10-нан аспайтын ұялы байланыс нөмірін ғана тіркей алады. Бұл кейіннен алаяқтар пайдаланатын «сұр» SIM-карталарды жаппай сатып алу мүмкіндігін шектейді.

Жаңа SIM-картаны тіркеуге тек биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі.

Заңнамада халықаралық қоңырауларды жергілікті нөмірлер ретінде көрсетуге мүмкіндік беретін SIM-бокстарды және өзге де жабдықтарды пайдалануға тыйым салынған.

Мұндай құрылғыларды қылмыстық топтар азаматтарда қоңырау қазақстандық банк немесе мемлекеттік органнан түсіп жатыр деген жалған әсер қалыптастыру үшін кеңінен пайдаланған.

Байланыс операторлары IMEI-кодтар мен абоненттік деректер базаларымен интеграцияланған өздерінің антифрод-жүйелерін енгізуге, күмәнді трафикті анықтауға және алаяқтық схемаларда пайдаланылатын нөмірлерді бұғаттауға міндетті.

Нәтижесінде бүгінгі күні 142,1 миллионнанастам қоңырау және алаяқтық белгілері бар 310 мыңнан астам абоненттік нөмір бұғатталды.

Сегізінші. Дропперлерге және ұрланған қаражатты әкету арналарына қарсы іс-қимыл күшейтілді.

Қаражатты алғаннан кейін алаяқтар оны жалған шоттар тізбегі арқылы мүмкіндігінше тез шығарып, қолма-қол ақшаға айналдыруға тырысады.

Осы мақсатта дропперлер деп аталатын тұлғалар пайдаланылады. Олар өздерінің банк карталарын, банктік шоттарын немесе мобильді банкингке қол жеткізу мүмкіндігін үшінші тұлғаларға береді.

Депутаттық корпустың ұсынысы бойынша Қылмыстық кодекске мұндай схемаларға қатысқаны үшін тікелей қылмыстық жауаптылық енгізілді.

Дропперлікпен айналысқаны және ұрланған ақшаны жылыстатуға жәрдемдескені үшін айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық көзделген.

Қылмыстық жауаптылықпен қатар жалған шоттарды анықтаудың көпдеңгейлі жүйесі енгізілуде.

Қаржы ұйымдары әрбір операцияны талдап, оның тәуекел деңгейін бағалайды. Егер ақша аударымында күмәнді белгілер анықталса, қаражатты қабылдаған банк алушыға қатысты тереңдетілген тексеру жүргізуге міндетті.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап банктер P2P-аударымдар тәуекелдері туралы ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесін тестілеуден өткізіп, кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде дропперлердің шоттарын анықтауға және күмәнді ақша аударымдарын бұғаттауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ банктер клиенттердің мінез-құлқын талдап, транзиттік ретінде пайдаланылатын шоттарды анықтайды.

Мұндай белгілерге әртүрлі тұлғалардан көптеген ақша аударымдарының түсуі, алынған қаражаттың басқа шоттарға жедел аударылуы, операциялардың түсінікті экономикалық мәнінің болмауы және клиенттің әдеттегі мінез-құлқының күрт өзгеруі жатады.

Тәуекел деңгейіне қарай банк операцияларға бақылауды күшейтуге, мобильді қосымшаны пайдалануды шектеуге, банк картасын бұғаттауға және ақпаратты құқық қорғау органдарына беруге құқылы.

Бір адамға берілетін банк карталарының санына қосымша шектеулер белгіленді. Жаңа клиенттерді сәйкестендіру талаптары күшейтіліп, олардың операцияларына тұрақты бақылау енгізілді.

Дропперлер тек қылмыстық емес, сондай-ақ мүліктік жауаптылық та көтереді. Ұрланған қаражат сот тәртібімен олардан өндіріліп, зардап шеккен азаматтардың пайдасына қайтарылуы мүмкін.

Тоғызыншы. Банктер алаяқтық тәуекелдерді басқарудың тәуекелге бағдарланған моделіне көшуде.

Ағымдағы жылдың сәуір айында алаяқтық тәуекелдерін басқарудың тәуекелге бағдарланған моделі енгізілді.

Банктер сессиялық антифрод деп аталатын жүйені міндетті түрде қолдануға тиіс. Бұл жүйе клиенттің мобильді қосымша мен интернет-банкингтегі әрекеттерін нақты уақыт режимінде талдайды.

Талдау барысында пайдаланылатын құрылғы, геолокация, деректерді енгізу жылдамдығы, әрекеттердің реттілігі, операциялардың сипаты, қашықтан қол жеткізу белгілерінің болуы және клиенттің қалыпты мінез-құлқынан ауытқулар бағаланады.

Осы деректер негізінде клиенттің динамикалық бейіні қалыптастырылып, алаяқтық тәуекелінің деңгейі айқындалады.

Тәуекел деңгейіне қарай банк операцияға қосымша растау талап етуден бастап оны толық бұғаттауға дейінгі сараланған бақылау шараларын қолдануға міндетті.

Сонымен қатар банктер арасында транзакциялық тәуекелдер туралы ақпарат алмасу, өзара байланысты күмәнді операцияларды автоматтандырылған түрде талдау және антифрод-модельдерді тұрақты жаңартып отыру қамтамасыз етіледі.

Банктер алаяқтық операцияларға қатысы бар тұлғалардың ішкі тізімдерін қалыптастыруға, дропперлерді анықтауға және оларға қатысты шектеу шараларын қолдануға міндетті.

Осылайша, қаржы секторындағы антифрод-жүйе жекелеген ақша аударымдарын тексеруден клиенттің мінез-құлқын және ақша қаражаты қозғалысының бүкіл тізбегін кешенді талдауға кезең-кезеңімен көшуде.