Қазақстанда халықаралық бағытта алғаш рет «Әйелдер вагоны» қызметі іске қосылады. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап мұндай вагон №1/2 «Алматы – Ташкент» пойызының құрамында қатынайды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, жаңа қызмет Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бағытқа сұраныстың артуына байланысты енгізіліп отыр. Бұған дейін әйелдер вагондары тек ел ішіндегі бағыттарда жұмыс істеген. Бүгінде бұл қызметті 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.
Әйелдер вагонына билеттер тек әйелдерге сатылады және онда тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Сонымен қатар әйел жолаушыларға өзімен бірге жеті жасқа дейінгі ұл баланы алып жүруге рұқсат етіледі.
Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығады. Оларды теміржол кассаларынан немесе тасымалдаушының ресми сайты арқылы сатып алуға болады.
«Алматы – Ташкент» бағыты қосылғаннан кейін Қазақстанда «Әйелдер вагоны» қызметі қолжетімді бағыттардың жалпы саны 14-ке жетеді.