Қазақстанда 2027–2029 жылдар аралығында ақылы автомобиль жолдарымен жүру құнын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Жаңа жоспарға сәйкес, жеңіл көліктер үшін жол ақысы 30 пайызға дейін, ал ауыр жүк көліктері үшін 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл өзгеріс қарапайым жүргізушілермен қатар жүк тасымалы, логистика және сауда саласындағы кәсіпкерлердің шығынына да әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
4 қарашада жарияланған ақпаратқа сәйкес, Көлік министрлігі 2027–2029 жылдарға арналған ақылы жолдар тарифтерін кезең-кезеңімен қайта қарау жоспарын әзірлеген. Төлем мөлшері көлік құралдарының санаты мен класына байланысты сараланып, жыл сайын өзгертілмек. Жоспар бойынша, 2–5-кластағы көлік құралдарына, оның ішінде жеңіл автомобильдер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне тарифті 30 пайызға дейін көтеру көзделген. Ал 6–7-кластағы, салмағы 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін төлем 50 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Жол ақысының өсуі азық-түлік бағасына әсер ете ме?
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарифтердің көтерілуі тасымалдаушылар мен логистикалық компанияларға қосымша қаржылық салмақ түсіруі мүмкін екенін ескертті. Кәсіпкерлер палатасының пікірінше, жол ақысының қымбаттауы жүк тасымалының өзіндік құнын арттырады. Ал тасымал шығындарының өсуі тауарлар мен қызметтердің түпкілікті бағасына әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты палата тарифтерді өзгерту кезінде кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескеріп, шешімдерді ашық талқылау қажеттігін алға тартты.
«Тарифтердің өсуі экономикалық тұрғыдан негізделген, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын және алдын ала болжанатын болуы тиіс. Жаңа мөлшерлемелерді белгілеу кезінде көлік құралдарының класы мен сипаттамаларын, ақылы учаскелерді пайдалану қарқындылығын, сондай-ақ қосымша шығындардың көлік-логистика саласына әсерін ескеру маңызды», – делінген «Атамекен» палатасына сілтеме жасалған хабарламада.
Кәсіпкерлер жиналған қаражаттың қайда жұмсалатыны ашық көрсетіліп, жолдардың сапасы мен оларды күтіп-ұстау тиімділігі де жақсаруы қажет деп есептейді.
Көлік министрлігі тарифтерді не үшін көтермек?
Көлік министрлігінің түсіндіруінше, тарифтерді қайта қараудың негізгі мақсаты – автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мен пайдалануға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету. Ведомство жол инфрақұрылымының техникалық жағдайын тиісті деңгейде сақтау үшін тұрақты қаражат қажет екенін алға тартады. Министрлік бағалауынша, тарифтер көтерілгеннен кейін де Қазақстандағы ақылы жолдармен жүру құны бірқатар көрші мемлекеттермен салыстырғанда төмен болып қалады.
Қазір ақылы жолдармен жүру қанша тұрады?
Көлік министрлігінің 2026 жылғы қаңтарда Kazinform агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, жеңіл автомобильдер үшін жол ақысы алдын ала төлем кезінде орта есеппен 2 теңге/км, кейін төлеу кезінде 2,7 теңге/км болған. Жүк көліктеріне арналған тарифтер олардың санаты мен жол түріне байланысты едәуір жоғары. Ал жаңа жоспардағы 30 және 50 пайыздық өсім 2027–2029 жылдарға арналған. Әр жылға белгіленетін нақты тарифтер мен олардың теңгемен есептелген мөлшері әзірге жарияланған ақпаратта көрсетілмеген.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстандағы ақылы жолдардан шамамен 87 млрд теңге жиналған. «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, бұл қаражат ақылы учаскелерді жөндеуге және арнайы техника сатып алуға жұмсалады.