$ 469.93
 541.64
 5.71

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: Алматыда мектеп тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Редактор
13.07.2026, 10:22
Thirdmanwww.pexels.com
Thirdmanwww.pexels.com
Қазіргі уақытта мегаполисте 29 735 оқушы орнына тапшылық бар

Алматыда оқушы орындарының тапшылығын жою және білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған орай қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен арнайы жұмыс кеңесі өтті. Шарада саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешудің нақты тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Мемлекет басшысының балалардың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасы мен білім беру саласындағы бастамалары аясында мектеп инфрақұрылымын модернизациялау жүзеге асырылуда. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша мегаполистегі 360 мектепте 357 225 оқушы білім алды.

Қазіргі таңда қалада 29 735 оқушы орнына тапшылық бар. Әсіресе, Әуезов, Алатау және Бостандық аудандарында жүктеме жоғары. Бұл жағдайға мектеп жасындағы балалар санының артуы мен ішкі көші-қон үдерісі тікелей әсер етуде. Тек өткен оқу жылында еліміздің басқа өңірлерінен 17 847 оқушы ауысып келсе, олардың жартысына жуығы Алматы облысынан.

Түйіткілді түбегейлі шешу үшін жаңа оқу жылына дейін шаһарда 8 жаңа мектеп ашылады. Оның жетеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, біреуі жергілікті бюджет есебінен тұрғызылған. Сонымен бірге қолданыстағы 3 мектепке қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде 12 200 жаңа оқушы орны пайдалануға беріледі.

Мектепке дейінгі тәрбие де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде Алматыдағы 1 098 балабақшада 88 мыңнан астам бала бар. Жыл басынан бері 3 мың орындық 33 балабақша ашылса, жыл соңына дейін тағы 23-і іске қосылады. Бұл балаларды қамту деңгейін 96,6%-ға жеткізіп, кезекті 2 мыңға қысқартады. Кеңес соңында қала әкімі нысандарды уақытылы тапсыруды және тапшылықты жою бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.