Мемлекеттік қолдау мен табиғи әлеуеттің үйлесімі арқасында бұл аймақта туризм саласы экономиканың басым бағыты ретінде айқындалды. Жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысы мен мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі жобалардың нәтижесінде ауданға келетін саяхатшылар қатары жыл санап артып келеді.
Туристер ағыны бес есеге өскен
Соңғы жылдары Катонқарағай ауданында демалушылар санының бұрын-соңды болмаған өсімі тіркелді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен кезеңдермен салыстырғанда туристер саны 5 есеге артқан. Мұндай сұранысты қанағаттандыру мақсатында инфрақұрылым да жедел дамып келеді. Атап айтқанда қонақтарды орналастыру орындарының саны 2,5 есеге көбейді, ал көрсетілетін қызмет сапасы мен сервис деңгейі 20 пайызға жақсарды. Бұл көрсеткіштер аймақтың экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі бағытындағы тартымдылығын дәлелдейді.
Миллиардтық инвестициялар: Халықаралық қонақүйлер мен туристік қалашық
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, таяу жылдарда аймақта жалпы құны 37,8 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Олар өңірдің туристік келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Оның ішінде халықаралық стандарттағы қонақүй салу, сонымен қатар инновациялық туристік қалашық салынады. Ауданда құны 6 миллиард теңге болатын бірегей туристік қалашықтың құрылысы жоспарланған.
Бұған қоса Шұбарағаш ауылындағы бұрыннан бар сауықтыру кешені толық жаңғыртылып, заманауи тау шаңғысы курортына айналады. Ұлттық нақыштағы жаңа этно-қонақүй туристерге қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Халықаралық деңгейдегі этно-фестиваль өтеді
Ауданның туристік брендін халықаралық деңгейде ілгерілетуде мәдени шаралардың орны бөлек. Келесі айда өңірде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ауқымды мәдени-туристік фестиваль өтеді. Үш күнге созылатын айтулы шара ұлттық руханият, мәдениет, өнер және спорт бағыттарын қамтиды. Фестиваль сахнасында Қазақстан, ТМД елдері, Венгрия және Түркиядан келетін танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетеді. Шараның басты хедлайнері — әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген болмақ. Бұл оқиға аймаққа шетелдік саяхатшылардың ағылуын еселеп арттыратыны сөзсіз.
Көлік инфрақұрылымы: Жаңа әуежай және жолдарды жөндеу
Туристер үшін ең маңызды мәселе — көлік қолжетімділігі. Қазіргі уақытта аудандағы негізгі жол магистральдары мен көпірлерді жаңартуға қомақты қаржы бөлініп, белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Язовое көліне апаратын жолдағы көпірді қайта жаңғыртуға 117 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды. Катонқарағай және Шыңғыстай ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге 90 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар «Жаңаүлгі – Жамбыл – Берел», «Согорное – Барлық – Ақсу» бағыттары мен Коробиха ауылына баратын жолдарды орташа жөндеу жоспарланған.Өңірдің басты күретамыры — «Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Қатонқарағай - Рахман қайнарлары» трассасы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
Айта кетейік, Президент тапсырмасымен Қатонқарағайда жаңа әуежайдың құрылысы басталмақ. Жаңа әуе айлағы ішкі рейстерді (Астана, Алматы, Өскемен, Семей) ғана емес, Қытай Халық Республикасы мен Моңғолияға халықаралық тікелей рейстерді орындауға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңірде қонақүй бизнесінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына қуатты серпін береді.
Цифрландыру және экологиялық тазалық қалай?
Қазіргі заманғы туристі ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Осы орайда, 2027 жылдың соңына дейін ауданның 7 елді мекеніне (1073 тұрғын - ред) жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылады. Алғашқы кезекте, 2026 жылдың соңына қарай Жаңа Үлгі ауылы желіге қосылса, халқы аз Акшарбақ және Бекалка ауылдары 2027 жылдың соңына дейін интернетпен толық қамтылады.
Сонымен қатар жергілікті халықты қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 50 миллион теңгеден асатын 3 жоба бекітілді (оның екеуі ара шаруашылығы, біреуі туризм бағытында). Ауданның табиғи тазалығы мен санитарлық жағдайын сақтау мақсатында абаттандыру жұмыстарына және бес жаңа қоқыс полигонын ұйымдастыруға 30 миллион теңге бөлініп, игерілуде.