Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси әралуандықты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығарғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сайлау науқанының басты нәтижесі – партиялар арасындағы ашық бәсекелестік болды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Жалпы, бұл сайлау формасы жағынан да, мазмұны жағынан да өзгеше болды. Өткен сайлау науқаны, ең алдымен, Қазақстандағы саяси әралуандықтың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Партиялар өз әлеуетін кеңінен танытып, бағдарламаларын қоғамға жан-жақты түсіндіріп, жеткізе алды», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, сайлауалды науқанға қатысқан партиялардың ұсыныстары қоғам назарын аударып, қоғамдық өмірге жаңа серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялар арасында ашық бәсекелестік болғанын атап өтті. Әр саяси ұйым өзінің бағытын, ұстанымын және идеологиясын ұсынды.
«Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі мен саяси жүйедегі орны бұрынғыдан да айқын әрі анық көрінді. Мұны Құрылтай сайлауының басты жетістігі деп бағалауға болады. Мұндай оң өзгерістер Қазақстанның қоғамдық-саяси мәдениетін дәйекті түрде дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді. Алдағы уақытта билік жүйесіндегі партиялардың ықпалы тек күшейе береді, олардың рөлі әрбір жаңа сайлау циклі сайын арта түседі», – деді Президент.
Тоқаев партиялар таңдаған бағытынан айнымай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, сонда ғана саяси ұйымдардың беделі дәйекті түрде нығая береді.
Мемлекет басшысы партиялардың сайлауалды бағдарламаларына да жеке тоқталды.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына жеке тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда жаңа идеялар мен сындарлы ұсыныстар бар. Олар алдағы жұмыс барысында мұқият талданады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең сәтті шешімдер Үкімет жұмысында ескерілуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сайлаушылардың ең көп қолдауына ие болған «Әділет» партиясының жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілік қалыптастырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл партияға үлкен жауапкершілік жүктеп, қоғам тарапынан ерекше үміт туғызады.
«Осы тұрғыда қоғамды ортақ мүдделер төңірегіне топтастырып, реформалардың қозғаушы күшіне айналу аса маңызды. Бұл міндет табысты орындалатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.