Қызылорда облысында жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шыққан той кортежінің қатысушылары анықталды. Полиция 15 адамды жауапкершілікке тартып, 56 әкімшілік іс қозғады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Оқиға 23 тамызға қараған түні Жаңақорған ауданында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода той кортежіндегі көліктердің қарсы жолаққа шығып, қауіпті маневр жасағаны және пиротехникалық құралдар қолданғаны көрінеді. Көліктердің бірінде «Братва жениха» деген жазу болған.
Полиция мәліметінше, тәртіп бұзғандардың барлығы анықталып, бөлімшеге жеткізілген. Олар – 21 мен 35 жас аралығындағы 13 жүргізуші мен екі жолаушы. Арасында Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары бар.
Нәтижесінде үш жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, бір адам бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қалғандарына айыппұл салынды. Сонымен қатар бес автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция той кортеждерінің жолда ешқандай артықшылығы жоқ екенін ескертіп, жол қозғалысына қауіп төндірген әрбір азамат заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.