Алматыдағы Қайрат Сатыбалдыұлының иелігінен тәркіленген Kaisar Plaza бизнес орталығы кезекті рет электронды аукционда сатылмай қалды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
e-qazyna.kz электронды сауда порталындағы мәлімет бойынша, бұл жолы да саудаға бірде-бір қатысушы тіркелмегендіктен, аукцион өтпеді деп танылды.
Kaisar Plaza нысаны сатылымға биылғы сәуір айынан бері шығарылып келеді. Алғашқы аукционда оның бастапқы бағасы 61,5 млрд теңге болған. Кейін маусым айында баға 54 млрд теңгеге дейін төмендетілгенімен, сатып алушы табылмады.
Осыдан кейін нысан құны тағы 7 млрд теңгеге арзандатылып, шамамен 47,3 млрд теңгеге бағаланған. Алайда бұл жолы да әлеуетті сатып алушылар қызығушылық танытпаған.
Бағалау туралы есепке сәйкес, бизнес орталығы ғимаратының нарықтық құны 44,7 млрд теңге, ал оның орналасқан жер телімін жалға алу құқығының құны 2,8 млрд теңге деп бағаланған.
e-qazyna.kz порталында жарияланған мәліметке сәйкес, аталған сомалар мәміле жасауға ұсынылған нарықтық құн ретінде көрсетілген. Соған қарамастан, нысанның иесі – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС лотты бұдан жоғары бағамен саудаға шығарған.
Еске салайық, Kaisar Plaza – мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің бірі. Оны сату арқылы түскен қаражат мемлекеттік қорға аударылуы тиіс.