Аймақ

Жаңа жағажай, мобильді қосымша, виртуалды карта: Алматы облысында туризм қалай дамып жатыр?

19:28, 19 шілде 2025 27

Алматы облысында туристік аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Өңірдегі туризмді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жіпке тізді. Оның айтынша, өткен жылы Қонаев қаласында жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайтын №5 қалалық жағажай пайдалануға берілген. Жағажай аумағында ойын және спорт алаңдары, жарықтандыру, сумен жабдықтау жүйелері орнатылып, дәретханалар, пирстер және сервистік нысандар іске қосылған. Бұдан өзге де атқарылған жұмыстар жетерлік.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркі мен Таңбалы Тас шатқалында негізгі туристік орындар абаттандырылды. Атап айтқанда, пирстер, күркелер, фотозоналар, жарықтандыру және кемпинг алаңдары орнатылды. 2025 жылы баспалдақтар, ақпараттық тақталар, қалқыма белгілер мен басқа да жұмсақ инфрақұрылым элементтерін орнату жоспарлануда, - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.



Өңір басшысының айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар да қатар жүзеге асырылып жатыр екен. Мәселен,«Oi-Qaragai» курортына газ жүргізу жобасы мақұлданған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 325,7 млн теңге бөлінген. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған. Сонымен қатар, «Oi-Qaragai», «Ақтас», «Тау Тұран» және өзге де нысандарды сыртқы электр қуатымен жабдықтау жобасы әзірленіп жатыр дейді Марат Сұлтанғазиев.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында онлайн төлем жүйесі енгізілді, бейнебақылау камералары және автоматтандырылған кіреберіс бекеттер орнатылды. ALMATYREGION.TRAVEL мобильді қосымшасы үш тілде іске қосылды. Цифрландыру аясында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесіп Your Tourist Pass виртуалды картасы іске қосылды. Бұл карта туристерге қажетті барлық сервистерге қолжетімділік береді, - деді өңір басшысы.

«eQonaq» шетел азаматтарын тіркеу ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін өңірге 80,8 мың шетелдік турист келген.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз