Ойын бизнесі Алматы облысы экономикасының маңызды бөлігі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке түсетін кірістерге айтарлықтай ықпал етуде, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары және букмекерлік кеңселердің қызметі Қонаев қаласының аумағында рұқсат етілген.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір өңірде 5 казино, 3 ойын автоматтары залы және 11 букмекерлік компания жұмыс істейді. Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары 15 казино өз қызметін тоқтатқан. Бұл жағдай нарықтық жағдайдың өзгеруіне және салық заңнамасындағы түзетулерге байланысты дейді шахар басшысы. Соған қарамастан, ойын бизнесінен бюджетке түсетін салық артуда.
Соңғы бес жылда ойын бизнесінен түсетін салықтық түсімдердің тұрақты өсімі байқалуда. 2022 жылы мемлекеттік бюджетке 8,8 млрд теңге көлемінде салық түсті, оның ішінде 500 млн теңге жергілікті бюджетке аударылды. 2024 жылы ойын бизнесі субъектілерінен түскен салықтардың жалпы сомасы шамамен 80 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 19,1 млрд теңге жергілікті бюджетке, 60,5 млрд теңге республикалық бюджетке түсті. Негізгі кірістер букмекерлік компаниялардан қамтамасыз етіледі, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Казиноға келетін болсақ, бұл сегментте де өсім байқалады. Егер 2020 жылы жергілікті бюджетке 385 млн теңге түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд теңгеден асқан. Ал республикалық бюджетке түсімдер 7,7 млрд теңгеден 14 млрд теңгеге дейін өсіпті. Осылайша, казино қызметінен түсетін салық көлемі екі жарым есеге артыпты.
Ойын бизнесімен айналысуға лицензия беру және оларды ұзарту Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің құзырында. Бүгінгі күні облыс бойынша қосымша казино ашуға немесе жаңа лицензия беруге қатысты өтініштер түскен жоқ. Дегенмен, аймақтың туристік тартымдылығының артуына байланысты әлеуетті инвесторлар қызығушылық танытуда, - деп атап өтті Алматы облысының әкімі.