Қазіргі таңда әлем елдерінде болып жатқан түрлі саяси, діни және әлеуметтік өзгерістер қоғам өміріне елеулі ықпал етіп отыр. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Бұл туралы Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Маманның айтуынша, соңғы жылдары әсіресе радикалды идеологиялардың таралуы және олардың қоғамның рухани тыныштығына тигізіп жатқан әсері алаңдаушылық туғызып отыр. Радикализм – бұл адамдардың қандай да бір идеяны немесе көзқарасты шектен тыс, төзімсіз түрде қолдауы, сол идея үшін өзге ой-пікірлерді мойындамауы және кейде зорлық-зомбылық әрекеттерге баруы. Бұл құбылыс әсіресе рухани әлсіреген, тұрақсыз әлеуметтік ортада жиі байқалады.
Радикалды идеология ең алдымен адамның санасын улайды. Ол адамдарды шынайы дін мен оның гуманистік негіздерінен алшақтатып, дінді теріс түсінуге жетелейді. Мұндай идеологияның ықпалындағы адам тек өз ұстанымын ғана дұрыс деп санап, басқаларды жау санауға бейім болады. Соның салдарынан, адамдар арасында алауыздық, қоғамда бүлік пен тұрақсыздық пайда болады. Бұл рухани қауіпсіздікке тікелей төнген қауіп деп айтуға толық негіз бар. Себебі рухани қауіпсіздік – қоғамдағы ішкі келісімнің, толеранттылықтың, діни және ұлттық татулықтың тірегі.Қазақстан – көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет. Мұндай елде ішкі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау аса маңызды. Бірақ, радикалды идеологиялар дәл осы келісім мен бірлікті бұзуға тырысады. Олар жастарды өз қатарларына тартып, оларға жалған уәделер береді, шындыққа жанаспайтын идеяларды саналарына сіңіреді. Әсіресе, интернет кеңістігінде радикалды мазмұндағы ақпараттардың көптеп таралуы бұл проблеманы одан әрі күрделендіре түсуде. Білімсіз, өмірлік тәжірибесі аз жастар мұндай ақпаратқа тез сеніп, адасушылық жолына түсіп кетуі мүмкін, - деді Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы Дастан Арынбек.
Оның айтуынша, бүгінде интернет пен әлеуметтік желілер радикалды идеялардың таралуына кең мүмкіндік беріп отыр. Жалған уағызшылар, діннің атын жамылған ұйымдар жастарды арбай отырып, олардың сенімін теріс мақсатқа пайдаланады. Әсіресе діни сауаты төмен, әлеуметтік жағдайы әлсіз, болашағына сенімсіз жастар радикалды ағымдардың оңай олжасына айналып жатады.