ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко Қазақстандағы Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берудің ұйымдастырылуына оң баға берді. Ол сайлау комиссияларының үйлесімді жұмысын, учаскелердегі жылы шырайылықты, жастардың белсенділігін, сондай-ақ бірнеше буын өкілдерінің дауыс беруге бірге келгенін атап өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
«ТМД байқаушылар миссиясының құрамында 190 адам бар. Оның өкілдері Қазақстанның 14 өңірінде және шетелдегі сайлау учаскелерінің бәрінде жұмыс істеп жатыр. Миссия өз жұмысын 3 тамызда бастады. Сайлауға дайындық кезеңінде ұзақмерзімді байқаушылар еліміздің жетіге жуық өңіріне барды», – деді миссия басшысы.
Миссия өкілдері Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларымен өзара іс-қимыл жасап, сайлауға қатысып жатқан жеті саяси партияның өкілдерімен кездесті.
Игорь Петришенконың айтуынша, учаскелер ашылған сәттен бастап байқаушылар сайлау үдерісінің нақты ұйымдастырылғанын, төрағалар, хатшылар мен сайлау комиссиялары мүшелерінің үйлесімді жұмысына назар аударған. Сондай-ақ, ол сайлауды қамтамасыз етіп жатқан қызметкерлердің әр жастағы азаматтарға, соның ішінде егде жастағы кісілерге және алғаш рет дауыс беріп жатқандарға деген жылы шырайлы әрі ізгі ниеттегі қарым-қатынасты байқаған.
«Алғаш рет дауыс берген сайлаушының өзі күтпеген жерден сыйлық алып жатқан сәті сияқты әсерлі көріністерге куә болдық. Оның шаттыққа толы көңіл күйі учаскелік комиссия мүшелерін де, бізді – халықаралық бақылаушыларды да ерекше толқытты», – деді Игорь Петришенко.
ТМД миссиясының басшысы жас буынның дауыс беруге белсенді қатысып жатқанына да мән берген. Оның бағалауынша, азаматтар елдің алдағы даму бағытын айқындауға және жоғары өкілді орган – Құрылтайды сайлауға зор қызығушылық танытып отыр.
Оның айтуынша, елдің алдағы даму бағытын айқындауға үлес қосқысы келген азаматтар көп екен. Бұл ретте жас буын өкілдері дауыс беруге ерекше белсенділік танытқан.
Бұл сайлаудың ерекшеліктерінің қатарына Петришенко бір әулеттен шыққан бірнеше буын өкілдерінің сайлауға бірге келгенін қосып отыр. Байқаушылар сайлау учаскелеріне балалары мен немерелерін жетектеп келген ата-әжелерге куә болған.
«Бірнеше буын өкілдерінің бірге келгенін көру көзді қуантады: ата-әжелер өз азаматтық борышын орындап жатса, олардың балалары мен немерелері де қалыс қалып жатқан жоқ», – деді миссия басшысы.
Оның айтуынша, миссия өкілдері барған учаскелерде халықаралық талаптарға сәйкес барлық қажетті сайлау нышандары, үгіт-насихат және анықтамалық материалдар ұсынылған. Сонымен қатар бақылаушылар сайлау нәтижесіне әсер етуі мүмкін заңға қайшы әрекеттерді тіркемгенін атап өтті.
«Біз барған учаскелердің ешқайсысында дауыс беру нәтижесіне ықпал етуі мүмкін бірде-бір заңбұзушылықтарды байқамадық», – деді Игорь Петришенко.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін де ТМД миссиясы өз жұмысын жалғастырады. Бақылаушылар миссия өкілдері орналасқан учаскелердегі дауыстарды санау үдерісіне қатысады. Кейін алынған мәліметтер жинақталып, сараланады. Соның негізінде Үйлестірушілер кеңесі байқау қорытындысы бойынша мәлімдеме әзірлейді.