$ 469.83
 536.83
 5.97

Газдандыру: өңірлер арасындағы алшақтық қандай?

Редактор
18.07.2026, 08:49
ашық дереккөз
ашық дереккөз
Газдандыру өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сапасын жақсартып келеді.

Қазақстанда табиғи газға қолжетімділік бойынша өңірлер арасындағы айырмашылық әлі де айқын. Бір облыста халықтың 99,8%-ы көгілдір отын тұтынса, енді бір өңірлерде бұл көрсеткіш әлі нөлге тең, деп жазады Вairaqmedia.kz.

Соған қарамастан, соңғы он жылда елдегі газдандыру деңгейі 43%-дан 64%-дан астамға дейін өсті. Сарапшылар мұны инженерлік инфрақұрылымның дамуы ғана емес, өңірлік экономиканы жаңғыртуға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың нәтижесі деп бағалайды. Себебі табиғи газдың қолжетімділігі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, жаңа өндірістерді іске қосуға, инвестиция тартуға және бизнестің дамуына тікелей әсер етеді.

Бұрын табиғи газдың негізгі тұтынушылары көмірсутек қоры мол Батыс Қазақстан өңірлері болатын. Елдің орталық және шығыс бөлігіндегі көптеген елді мекендер үшін көмір мен отын негізгі энергия көзі болып келді. Соңғы жылдары бұл теңсіздікті азайтуға бағытталған мемлекеттік саясат жаңа қарқын алды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада 84 газдандыру жобасы жүзеге асырылып, 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қосылды. Бір жылдың ішінде 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Нәтижесінде көгілдір отынға қол жеткізген қазақстандықтардың саны 13 миллионнан асты.

Газдандыру жұмыстары 2035 жылға дейінгі Бас газдандыру схемасы аясында жалғасып жатыр. Биыл газ көлігі инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 27,3 млрд теңгебөлінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бағыттың стратегиялық маңызын атап өтіп, елдегі газдандыру деңгейін 80%-ға дейін жеткізу міндетін қойған болатын.

«Газдандыру – бұл тек коммуналдық қызмет сапасын арттыру емес. Ол өңірлердің тұрақты дамуына, энергетикалық қауіпсіздікке және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция», – делінген сараптамалық орталықтың талдауында.

Өндіріс пен инвестицияға жол ашылады

Сарапшылардың пікірінше, табиғи газдың қолжетімділігі бүгінде өңірдің экономикалық әлеуетін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналып отыр. Энергиямен тұрақты қамтамасыз етілген аймақтарда өнеркәсіпті кеңейтуге, жаңа кәсіпорындар ашуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік әлдеқайда жоғары.

Сондықтан соңғы жылдары мемлекет магистральдық газ инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қазіргі таңда Қостанай облысына тартылатын жаңа магистральдық газ құбырының, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің және «Алматы – Талдықорған» бағытының екінші кезеңінің құрылысы жалғасуда.

Бұл жобалар тұрғындарды газбен қамтуды ғана емес, өндірістік қуаттарды арттыруды да көздейді. Әсіресе Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан магистральдық газ құбыры өңірдегі өнеркәсіптік жобалардың дамуына серпін береді деп күтілуде. Сарапшылардың бағалауынша, тұрақты газбен қамтамасыз ету жаңа кәсіпорындардың ашылуына, қосымша жұмыс орындарының құрылуына және жеке инвестиция көлемінің артуына ықпал етеді.

«Газ инфрақұрылымын дамыту өңірдің газдандыру деңгейін арттырып қана қоймай, ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға, жаңа өндірістерді орналастыруға және экономикалық өсімге негіз болады», – деп атап өтеді сарапшылар.

Өңірлер арасындағы алшақтық азайып келеді

Бүгінде газдандыру деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Атырау және Маңғыстау облыстары (99,8%), Батыс Қазақстан облысы (99,7%), Алматы қаласы (99,6%), Шымкент (97,8%), Ақтөбе облысы (94,2%) және Жамбыл облысы (92%) бар.

Ал Қарағанды облысында халықтың тек 5,8%-ы, Ұлытау облысында – 4,3%-ы, Шығыс Қазақстан облысында – 3,3%-ы ғана табиғи газға қол жеткізген. Ал Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары әзірге толық газдандырылмаған өңірлер қатарында қалып отыр.

Дегенмен дәл осы аймақтарда инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мемлекеттің мақсаты – өңірлер арасындағы газдандыру деңгейіндегі айырмашылықты азайтып, елдің барлық бөлігінде бірдей даму мүмкіндігін қалыптастыру.

Бұл бағытта Түркістан облысының тәжірибесі назар аудартады. Өткен жылы өңірде 20,7 млрд теңгеге 87 газ инфрақұрылымы жобасы қаржыландырылып, 102 мың тұрғын тұратын 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Биыл тағы 74 жобаға 13,7 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін 35 мыңнан астам тұрғынның көгілдір отынға қол жеткізуі жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде облыстағы газдандыру деңгейі 89,5%-ға дейін өседі.

Қостанай облысында да газдандыру өңір экономикасының ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде жоспарланған 56 жобаның 22-сі аяқталды. Қалған жобалар толық іске асқанда облыстағы халықты газбен қамту деңгейі 67,7%-ға жетеді.

Сарапшылардың пікірінше, газдандырудың негізгі нәтижесі тек статистикамен өлшенбейді. Ол өңірлердің өндірістік әлеуетін кеңейтіп, жаңа инвестиция тартуға жағдай жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттырады. Сондықтан алдағы жылдары Қазақстандағы газ құбырларының ұзындығымен қатар, олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі де басты көрсеткіштердің біріне айналмақ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау