$ 458.13
€ 502.29
₽ 5.58

Енді Қазақстандағы студенттер жатақханасын полиция күзетеді

Редактор
28.11.2026, 13:52
Коллаж
Коллаж
ІІМ жоғары оқу орындарына қатаң ескерту жасады

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері студенттер арасында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасап, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік деректерін жасыруға жол бермеу керектігін ескертті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында полиция, әкімдіктер және жоғары оқу орындарының басшылығы бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрлік мәліметінше, оқу жылы басталғалы анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 жағдайы бар.

Жатақханаларда қауіпсіздік күшейтілді

Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілген. Университет ғимараттарына кіріп-шығу тәртібі күшейтіліп, ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.

Сондай-ақ студенттерге қолжетімді орындарға учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері орналастырылған.

Оқу жылы басталғалы студенттер мен оқытушылардың қатысуымен 207 профилактикалық іс-шара өткізілген. Оның ішінде кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдер бар.

«Зорлық-зомбылық деректерін жасыруға болмайды»

Құралай Карина жоғары оқу орындарының басшылығына студенттердің шағымдарын елемеуге және оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайтынын ескертті.

«Зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін», – деді ол.

Министрлік студенттерді де үнсіз қалмауға шақырды. Егер олар зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе бопсалаудың құрбаны не куәгері болса, дереу полицияға хабарлауы керек.

Сонымен қатар ІІМ студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Заң бұзғандарға тиісті құқықтық баға беріліп, ауыр тәртіп бұзушылықтар болған жағдайда оқу орындары студентті оқудан шығару мәселесін қарастыра алады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау