Робототехника және жасанды интеллект салаларында есімі әлемге әйгілі болып жүрген жас талант бар. Ол – Шолпан Аманкелді. Бар-жоғы 16 жасында наноспутник құрастырып, жарқ ете қалды. Шолпан талай ғылыми байқауларда топ жарды. Ол құрастырған Venus-Sat.Kz наноспутнигі халықаралық деңгейде рекорд орнатып, ғарыш саласындағы айтулы жетістіктердің біріне айналды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

–Шолпан, сіздің ғылымға қызығуыңыздың, оның ішінде технологияны таңдауыңыздың сыры неде?
–Бәрі қарапайым қызығушылықтан басталды. Менің қасымда әрқашан ата-анам мен ұстаздарым болды. Олар менің сол бір балалық қызығушылығымды сөндірмей, бағыт-бағдар беріп, үлкен мақсатқа, яғни ғылым мен технологияға деген махаббатқа айналдыра білді. Ал өзімнің түйгенім болса, ғылым бізге әлемді түсіндірсе, технология бізге оны қайта жасауға мүмкіндік береді.
–16 жасыңызда наноспутник құрастырған екенсіз. Бұған не түрткі болды?
–Өз-өзімді қайрап, қалайда межеге жетем деген талап қойдым. Менің ең үлкен арманым әрі мақсатым – Көк байрағымызды 30 шақырым биіктікте, ғарыш төрінде желбірету болды. Қазақстанның атын ғылымда танытуға деген сол бір шынайы ұмтылыс маған ерекше күш берді.
–Наноспутниктің арқасынді бірқатар ғылыми байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көріндіңіз. Бұл байқаулар сіздің ғылыми жетістіктерге жетуіңізге баспалдақ болды ма?
–Әрине, бұл байқаулар мен үшін үлкен ғылыми жетістіктерге жол ашқан маңызды баспалдақ болды. Себебі Қазақстанда мұндай жобаны бұрын-соңды жоғары биіктікке ешкім ұшырмаған еді. Сондықтан маған тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылу, әлемдік қоғамдастықтың пікірін білу өте маңызды болды. Жобаны дамыту үшін мақтау емес, конструктивті сын қажет. Халықаралық аренада тәжірибелі ғалымдардан пікір алу, олардың сынын есту – маған қателіктермен жұмыс істеп, өсуге мүмкіндік берді.
–Ғылымда жүрген жастар нені меңгергені абзал? Әлемдік байқауларға қатысуға жастарға мүмкіндік көп пе?
– Ғылымдағы жастарға ең алдымен іргелі ғылымдардың базасын мықты білу, жасанды интеллектті терең меңгеру және пәнаралық ойлау қабілетін дамыту қажет. Бүгінде халықаралық байқауларға қатысып, әлемдік деңгейде танылуға жастар үшін мүмкіндіктер өте көп әрі қолжетімді. Қазақ жастары тек дайын технологияны тұтынушы емес, оны өздері жасаушы ғалымдарға айналып, ғылымға көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Тек осындай озық білім мен батыл қадамдар ғана елімізді интеллектуалды бәсекеге қабілетті етеді.
–Жасанды интеллект дәуірі басталды. Сіз жасанды интеллект маманысыз. Бұл саланың артықшылығы неде? Кемшілігі қандай?
–Қазіргі таңда мен заманауи Қытайдың ең үздік жоғары оқу орындарының бірі — Westlake University-де дәл осы ЖИ мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Біздің оқу бағдарламамыз дәстүрлі жүйеден мүлдем ерекшеленеді. Мен оқудың алғашқы жылдарынан бастап-ақ Ханчжоу қаласындағы ең үздік AGI Lab зертханасына қабылдандым. Онда менің академиялық кеңесшім әрі жетекшім – әлемдік деңгейде танылған профессор Chi Zhang. Оның ғылыми зерттеулері Generative AI, соның ішінде генеративті модельдердің теориялық негіздері, мультимодальді генеративті модельдеу және мультимодальді интеллектуалды агенттер (multimodal intelligent agents) бағытына негізделген. Осындай деңгейдегі зертханаға түсіп, карьерамды әлемдік ғалыммен бірге құру – мен үшін үлкен мәртебе әрі мүмкіндік.
Ең басты артықшылығы – ЖИ тек IT емес, медицина, білім беру, экология сияқты барлық басқа салаларды түбегейлі өзгертіп, дамытады. Ол адамзат шеше алмаған күрделі есептерді секундтар ішінде орындап, күнделікті жұмысты автоматтандырады және ғылыми жаңалықтардың ашылуын жүздеген есе жылдамдатады.
Ең үлкен қауіп – технологияның тым жылдам дамып жатқанында. Адамдар бұл қарқынға үлгермей, бейімделе алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, барлық жұмысты ЖИ-ге сеніп тапсыру салдарынан адамдардың терең ойлау, сыни талдау қабілеті төмендеп, жалқаулыққа бой алдыру қаупі бар деген болжамым бар.
Westlake University маған тағы бір бірегей мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен әлемге әйгілі профессор Leihan Tang-пен де бірге жұмыс істеп жатырмын. Lei-Han Tang – өзгелер тек хаос көретін жерден нақты заңдылық пен тәртіпті көре алатын, феноменалды ойлау қабілетіне ие бірегей ғалымдардың бірі. Осындай топ-деңгейдегі ғалымдармен иық тіресе жұмыс істеу, олардан тәлім алу – мен үшін шексіз мақтаныш әрі үлкен мектеп.
Менің университетім менің дүниетанымымды, ғылымға деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті және қазіргі уақытта тұлға әрі маман ретінде дамуыма өте белсенді көмектесіп келеді. Осындай озық білім ордасының атмосферасын сезінгендіктен, болашақта Орталық Азияда да дәл осындай зерттеу бағытындағы, жаңа форматтағы топ-университеттер ашылса екен деп армандаймын. Біздің аймақтың жастары да осындай деңгейдегі ғылыми ортада шыңдалуға әбден лайықты.