Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы (азаптау) бойынша айыпталды. Бұл бап 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Судья Сәкен Мамашты кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айыру жайлы шешім қабылдады. Сондай-ақ сот оны бірінші дәрежелі кеңесші дипломатиялық дәрежесінен айыру туралы шешім қабылдады.
«Негізсіз қызғаныштың салдарынан сотталушы Мамаш, мемлекеттік қызметкер ретінде ант берген тұлға бола отырып, 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде Астанада, кейіннен Біріккен Араб Әмірліктерінде, Абу-Дабиде жәбірленушіге жүйелі түрде күш көрсетіп, денесінің әртүрлі бөлігі мен басына жұдырықпен соққы жасаған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 387-390, 393, 395-398, 401-402-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді судья Артур Абдықанов.
Айта кету керек, экс-дипломаттың жұбайы Карина Мамаштың 10 жыл бойы күйеуі ұрып-соғып келген деген мәлімдемесінен кейін Сәкен Мамаш Дубайдағы қызметінен елге қайтарылған еді.