Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесіп, мегаполистің инфрақұрылымын, көлік, энергетика, цифрландыру салаларын дамыту және «жасыл» қаржыландыру аясындағы бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру келешегін талқылады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қазақстанның негізгі қаржылық және экономикалық хабы – Алматы қаласында ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртулар жаңа қарқын алуда. Екіжақты келіссөздер барысында мегаполистің стратегиялық маңызды бастамалары қарастырылып, халықаралық қаржы ұйымымен серіктестікті одан әрі тереңдету бағыттары айқындалды.

ЕҚДБ басшысының елге сапары Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында ұйымдастырылды. Келіссөз барысында шаһар басшысы Дархан Сатыбалды ЕҚДБ-ның еліміздің, соның ішінде Алматының әлеуметтік-экономикалық өсіміне қосқан айрықша үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Алматы бүгінде республикалық экономиканың төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп отырған негізгі локомотив болып табылады. Осы орайда тек инвестиция тарту емес, сонымен бірге заманауи урбанистикалық әрі экологиялық шешімдерді енгізуде халықаралық үздік тәжірибені қолданудың маңызы өте зор.
Жиындағы басты тақырыптардың бірі – экологиялық тұрғыдан аса маңызды Алматы 2-ЖЭО-сын жаңғырту жобасы. Аталған жоба ЕҚДБ, Азия даму банкі және Қазақстанның даму банкінің бірлескен қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, тараптар Алматы халықаралық әуежайының өткізу қабілетін арттыратын жаңа жолаушылар терминалының құрылысын және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) логистикалық торабын дамыту мәселелерін пысықтады.
Сонымен қатар, кездесуде «жасыл» экономика қағидаттарына басымдық берілді. Алматы – Орталық Азия өңірінде ЕҚДБ-ның Green Cities («Жасыл қалалар») бағдарламасына алғашқы болып қосылған шаһар. Осы бастама шеңберінде тараптар рельсті көлік жүйесін кеңейту, қалалық инфрақұрылымды жаңарту және экологиялық жобаларды «жасыл» қаржыландыру тетіктері арқылы іске асыру уағдаластығын тағы бір мәрте растады. Мұндай ауқымды әріптестік мегаполистің орнықты дамуына, инвестициялық тартымдылығының артуына және турғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.