Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты бірнеше көлікті соғып қашқан Данияр Елеусіновке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Олимпиада чемпионы көлікті мас күйінде жүргізіп, үш жол-көлік оқиғасын жасаған:
жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылу;
басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылу;
Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Боксшы барлық көлік иелеріне материалдық шығын келтірген. Оның кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді.
Осы қорытындыға сәйкес, Елеусіновте алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі болған. Оның өзі де кінәсін мойындады.
Сот оны 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға шешім шығарды.