Бразилияда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, кемінде 23 адам мерт болды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Тағы бес адам жарақат алған. Бұл туралы елдің Федералдық жол полициясы хабарлады. Қаза болғандардың басым бөлігі автобус жолаушылары.
Алдын ала тергеу мәліметі бойынша, автобус медицина қызметкерлерін, науқастар мен олардың жақындарын Куритиба қаласына алып бара жатқан. Ал жүк көлігі оған қарсы бағытқа шығып кеткен. Оқиға салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі де көз жұмды.
Апаттан кейін өңірде екі күндік аза тұту жарияланды. Қазір полиция оқиғаның нақты себебін анықтап жатыр.