Әнші Сырым Исабаев журналист Аман Тасығанға сұхбат беріп, өнердегі жолы мен көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап берді, деп жазады bairaqmedia.kz.
Сұхбат барысында ол Қайрат Нұртаспен арада болған жағдайды да ашық айтты.
«Жетпей қалған әндер бар. Біз махаббатты тауысып, басқа да тақырыпты қозғағымыз келді. Шүкіршілік әнімізді айттық. Бірақ әке мен анаға, табиғатқа, арамыздағы достық қатынасты жеткізетін ән жетпеді. Осындай дүниелер жетіңкіремей қалды. Әйтпесе бізде бірге ән айтуға ниет болды. Ән табылмай қалғаннан кейін бөліну болды. Ескі әннің тізесін шығарып айта бергіміз келмеді», - деп жауап берді тасада қалған әнші.
Танымал әнші өнердегі үзіліс кезеңінде түрлі кемсітулерге тап болғанын жасырмады.
Әншінің сөзінше, бір жолы жанармай құю бекетінде күтпеген жағдай орын алған.
«Бензин құятын қызметкер болмай қалды. Көп жерде өзім құя беремін ғой, ондайға үйренгенмін. Сол кезде Cobalt-пен жүргенмін. Өзім құйып тұрғанда, екінші көліктегі бір кісі: “Сәке, сізге не болды? Ән айтып жүргенде жарқырап жүретін едіңіз ғой” деді. Арғы жағында не болып жатқанын білмейді ғой. Айтып қойды да, көлігіне мініп кете барды. Бірақ сол сөз жүрегімде қалып қойды», – дейді ол.
Исабаевтың айтуынша, дәл сол сәтте іштей айтылмай қалған ой-реніш кейін әнге айналған.
«Леңгір жақта аранжировщик досым бар еді. Соған қоңырау шалып, “Музыкаңды қос, бара жатырмын” дедім. Не айта алмай жүргенімді өзім де білмеймін. Кітап алдырып, парақтап отырып “Өкінбеймін” деген сөзді көзім шалды. Сол сәтте жүрегімдегіні түсіндім. Бірден ән туды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетті», – деп түйіндеді өнер иесі.