Әнші Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желіде отбасылық құндылықтар мен әйелдің қоғамдағы рөлі туралы әсерлі жазба қалдырды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Өнер иесі өмірдің сынақтарына қарамастан, әр қиындықтың артында қуаныш болатынын айтты.
“Кез келген нәрсе орнына келеді. Қираған дүние де! Өмір тек өкініштерден тұрмайды. Әр мұңның артында қуаныш бар! Кешегі күйік бүгін төзімге айналды. Кешегі көз жас бүгін даналық! Сондықтан күліп-ойнап өмір сүре берейік!” – деп жазды ол.
Мөлдір Мұқанова соңғы уақытта өзімен тағдырлас отбасылардың көбейгенін айтып, қоғамдағы жауапкершілік мәселесіне тоқталды.
“Ер адамдар менің оқиғамнан үйдегі жарларының күйін түсінсе екен. Әйелге тым көп жауапкершілік артқан қоғам өзгерсе екен. Балалар жыламасын, махаббат құламасын!” – деді әнші.
Айта кетейік, соңғы кездері Мөлдір Мұқанова жеке өміріне қатысты ашық жазбаларымен желі қолданушыларының назарын жиі аударып жүр.