$ 487.01
 557.87
 6.59

«Бала еденге құлап кетті»: Алматы облысында нәресте өлімінен кейін дау шықты

Редактор
23.06.2026, 10:22
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Алматы облысында нәрестесінен айырылған отбасы перзентхананы сотқа бермек.

Алматы облысында нәрестесі шетінеген отбасы Қарасай аудандық перзентханасын сотқа беруге ниетті. Сәбиінен айырылған ата-ананың айтуынша, толғағы келген әйелге босану палатасы дер кезінде табылмай, ол дәлізде босанған. Соның салдарынан жаңа туған нәресте жарақат алып, кейін көз жұмған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz informburo-ға сілтеме жасап.

Марқұм сәбидің туыстарының сөзінше, жүктілік кезінде ешқандай қиындық болмаған. Ай-күні жақындағанда қан қысымы көтерілген әйел алдымен емханаға жатқызылып, кейін жедел жәрдем арқылы перзентханаға жеткізілген.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, толғағы басталған кезде акушер әйелді арбамен босану бөлмесіне апармақ болған. Алайда қажетті палата табылмай, әйел дәлізде босанып қалған.

«Керек палата табылмаған соң уже уақыт кетіп қалды. Сол моментте жеңгем туып жіберді. Бала полға түсіп кетті. То есть коляскада. Орнында тұрғанда ұстап қалар ма еді. Бірақ жүріп бара жатқанда бала түсіп қалды. Баланы алған соң реанимацияға алып бармай, дәрігерге көрсетпей, олар баланы сразу жеңгеме бере салған. Сосын жеңгеме айтқан. Бәрі дұрыс, балада ондай болып тұрады деген», – дейді жәбірленушінің туысы Бибінұр Артықбаева.

Туыстарының айтуынша, нәрестенің жағдайы кейін нашарлай бастаған. Баланың бас бөлігі көгергенін байқаған анасы дәрігерлерге жүгінген.

«Басына қан құйылып кеткен деп ертесі күні ғана айтылған. Срочно операцияға жіберу керек деп, ГРЭС-тегі облыстық ауруханаға алып барған. Сонда балаға операция жасалды. Бала 3-4 күн комада жатты. Ары қарай жүрегі тоқтап қалды. Құтқара алмады баланы», – дейді Бибінұр Артықбаева.

Осылайша жаңа туған сәби бес күнге жетпей шетінеген. Отбасы нәрестенің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті себеп болды деп есептейді.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған факті бойынша қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Қорытынды тұжырымдар ішкі тергеп-тексеру нәтижелері, медициналық құжаттамаға жүргізілген сараптамалық бағалау және уәкілетті сараптамалық ұйымдардың қорытындылары негізінде жасалатын болады. Барлық тексеру іс-шаралары аяқталып, түпкілікті қорытындылар алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – делінген басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жәбірленуші тарап Қарасай аудандық перзентханасының қызметіне жан-жақты тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Олар полицияға арыз жазып, Денсаулық сақтау министрлігіне де шағым жолдаған.