Астанада өзіне тиесілі емес көлікті суретке түсіріп алып, басқа адамға сатып жіберді деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды. Келтірілген шығын көлемі 11,5 миллион теңгені құрады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, күдікті алдымен танысының сеніміне кіріп, оның Toyota Camry көлігін суретке түсіріп алған. Кейін сол фотоларды басқа танысына көрсетіп, автокөлікті нарықтағы бағадан төмен бағаға сатып алуды ұсынған.
Алайда ол сатып алушыға көліктің өзіне тиесілі емес екенін және оны сатуға құқығы жоқ екенін айтпаған.
Нәтижесінде Toyota Camry иесіне 11,5 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген. Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін 29 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция көлікке қатысты кез келген мәмілені міндетті түрде заң талаптарына сай құжат жүзінде рәсімдеуге шақырды. Құқық қорғау органдарының ескертуінше, тіпті таныс адамдар арасында да ауызша келісіммен шектелу алаяқтық тәуекелін арттыруы мүмкін.