Елорданың Ботаникалық бағында санитарлық талаптарды өрескел бұзған 38 жастағы шетелдік әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шетел азаматы бақ аумағындағы көгалдың үстінде дәрет сындырып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, өзгелерге құрметсіздік танытқан.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері заңсыз әрекетті тоқтатып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адамды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Полиция қоғамдық орындар азаматтардың тынығып, демалуына арналғанын, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін еске салады.
— Қоғамдық тәртіп пен қоғамдық мораль нормаларын бұзатын кез келген әрекет заң аясында тиісті бағасын алады. «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір жағдайы дер кезінде тоқтатылып, заң аясында шара қолданылады. Жазаның бұлтартпастығы — құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарының бірі, — делінген ақпаратта.