Денсаулық сақтау министрлігі премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жүргізілген тексеру қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Барлығы 66 мектептің ас блогы тексеріліп, оның 65-інен санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды.
Нәтижесінде:
-
57 әкімшілік айыппұл салынды (жалпы сома — 18 млн теңгеден аса),
-
60 ұйғарым берілді,
-
62 қызметкер жұмыстан шеттетілді,
-
1 іс сотқа жолданды.
Бұзушылықтардың негізгі түрлері:
Мерзімі өткен және құжатсыз өнімдерді қолдану;
Санитариялық режимнің сақталмауы;
Ыстық судың болмауы;
Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі;
Ас үй жабдықтарының дұрыс өңделмеуі;
Талдау нәтижесінде ішек таяқшалары мен стафилококк табылған.
Министрлік бұл жағдайға байланысты жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Білім беру мекемелерінде санитариялық бақылауды күшейту, бракераждық комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру, тамақтандыру қызметін жеткізушілерді қатаң тексеру секілді нақты тапсырмалар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Мұнайлы ауданында 459 оқушы жаппай уланған болатын. Министрлік сол жағдайдан сабақ алынбағанын, мектеп әкімшіліктерінің балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарамай отырғанын мәлімдеді.