Аймақ

«Араларында сезім болған»: Алматы облысында зорланған 12 жастағы оқушыға қатысты тың дерек шықты

15:45, 31 қазан 2025 54

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде кәмелет жасына толмаған бозбала 12 жастағы оқушы қызды зорлады деген күдікке ілінді. Полиция іс қозғап, күдіктіні қамауға алды. Sputnik тілшісі ауылға барып, мән-жайды білуге тырысты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
 
Бұл ақпарат Ынтымақ ауылы тұрғындарының жағасын ұстатқан. Оқушыны зорлады деп күдікке ілінген бозбаланың мұндай әрекетке баруы мүмкін емес дейді олар.
 
"Ол бала 9-сыныптан соң мектептен кетіп қалған. Бізде жүргенде тып-тыныш, тәртіпті оқушы болған. Актёрлік шеберлігі бар, тіпті киноға да түскен. Жалпы тәрбиелі отбасының баласы", - дейді Ынтымақ ауылы орта мектебінің директоры Қарлығаш Надырбекова.
Жасөспірімнің ата-анасы - қарапайым шаруа адамдары, қарт әжесі бар.
 
"27 қазанда белгісіз бір адамдар аяқасты келіп немеремді алып кетіпті. Мен ол кезде үйде жоқ едім. Не болғанын білмеймін, естігенде жүрегім ұстап, құлап қалдым. Өзі жанымызға жайлы, еңбекқор бала еді. Етегіміз жасқа толып отырмыз. Қыздың ата-анасымен сөйлесе алмай жатырмыз", - дейді күдіктінің әжесі.
 
Көршілері де болған жағдайға сенбейтінін айтып отыр.
 
"Тентектік жасаған кезін көрмеппіз. Көз алдымызда өскен бала, еңбекқор, ақкөңіл", - дейді күдіктінің көршілері.
 
Бейресми ақпарат бойынша жасөспірім қыз бен ұлдың арасында сезім болған. Алайда қыздың ата-анасы біліп қойып, іс насырға шапқан.
 
Полиция қылмыстық іс қозғады.
 
"Күдікті – кәмелетке толмаған тұлға ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Соттың санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі қолданылды", - дейді Алматы облысының полиция департаменті.
 
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
 
"Бұдан бөлек күдіктінің заңды өкілдері кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді полиция.
 
Облыстық полиция департаментінің басшысы бұл қылмыстық істі тікелей бақылауына алған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз