Аймақ

Гаражда ұстап отырған: қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды

20:04, 01 қараша 2025 27

Қостанай облысында такси қызметі түрінде жезөкшелікпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
 
Қылмыстық топты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған.
 
"Ұйымдасқан қылмыстық топ такси қызметінің атын жамылып, интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырған. Тергеу барысында қыздардың қаладағы бірнеше саунаға жеткізіліп, онда интимдік қызмет көрсеткені анықталды. Тізімде 12 сауна бар", - дейді ведомстводағылар.
Полиция сауналардың әкімшілерін және ақылы интимдік қызмет көрсеткен мамандарды анықтады.
 
"Қылмыстық топ ауылдардан шыққан, әлеуметтік тұрғыдан осал және аз қамтылған отбасылардан шыққан жас қыздарды алдап, қорқыту және күш қолдану арқылы жезөкшелікке тартқан. Оларды жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұстап отырған", - дейді полициядағылар.
 
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
 
Бірқатар күдікті ұсталып, басқа қатысушыларға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
 
Тінту барысында көп мөлшерде қолма-қол ақша, құжаттар, техника, банктік карталар және қылмыстық қызметте пайдаланылған деп болжанған тоғыз автокөлік тәркіленді.
 
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жалған банктік шот арқылы заңдастырылғаны анықталды. Бұл қаражат көлік, тіркеме және гараждар сатып алуға жұмсалған.
 
Бұл факті бойынша "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру" бабымен бөлек іс қозғалды.
Тергеу жалғасып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз