Ақтөбе облысында ең ірі футбол стадионы салынып, спорттық инфрақұрылым қарқынды дамуда. 34 980 көрерменге арналған жаңа футбол стадионын салу жұмыстары Ақтөбе қаласындағы «Алтын Орда» шағын ауданында басталып кетті. Қазіргі таңда нысанның аумағы қоршалып, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Құрылыс алаңында болған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде футболды дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстар туралы айтып өтті. Оның сөзінше, жергілікті футбол клубтарын дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындау үшін қолайлы жағдай жасау маңызды.

«Мемлекет басшысы жаңа футбол академиясын салуды тапсырды. Егер біз жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындағымыз келсе, оларға лайықты жағдай жасауымыз қажет. Былтыр Ақтөбе облысында өз академиямызды аштық. Басты мақсатымыз – жергілікті клубтарды, бұқаралық спортты дамыту және ұлттық құраманың ойыншыларын тәрбиелеу. Бұл үшін барлық қажетті жағдай өңірлерде жасалуы тиіс», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі атап өткендей, қазіргі уақытта футбол клубтарын жекешелендіру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешіліп, «Ақтөбе» футбол клубы жеке меншікке өтеді деп жоспарлануда. Клуб құрылымында оны дамытуға бағытталған өзгерістер енгізіледі, оған айтарлықтай қаржыландыру мен жүйелі жұмыс қажет.

Асхат Шахаровтың айтуынша, мұндай ауқымды жобалар Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жүзеге асуда. Ал шаралардың барлығы футболдың тұрақты дамуына, ұлттық құраманың ойыншыларын тәрбиелеуге және өңір тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.